Қазақ телевизиясына – 60 жыл. 1980-жылдары эфир тізгінін ұстаған Ұлттық арна дикторлары
Бүгін - Қазақ телевизиясы үшін айтулы күн. Осыдан тура 60 жыл бұрын, яғни 1958 жылдың 8-наурыз күні алғашқы отандық хабарлар эфирге шықты. Содан бергі уақытта Қазақ телевизиясы еліміздің дамуына, рухани, мәдени құндылықтарымызды қалыптастыруға өзіндік үлесін қосып келеді. 60 жылдық мерейтойымызға орай осы күнге дейін Ұлттық арнадан ондаған материал жарық көрді. Алғашқылардың бірін біз тұңғыш дикторлар Зұлқия Жұматова, Нэлли Омарова, Ләзиза Аймашеваларға арнаған едік. Ал, бүгінгі шығарылымда олардың ізін қуып, 1980-жылдары эфир тізгіндеп, көркін ашқан қос сұлу да кәсіби маман Ризвангүл Әшімова мен Қымбат Досжан жайлы әңгімелейміз.
1985 жыл. Алматы. «Алатау» телеарнасы. Ризвангүл Әшімова мен Қымбат Досжан эфирге шығып жүрген алғашқы жылдар. Ризвангүл апай ұйғырша жаңалықтар жүргізіп қана қоймай, тілшіліктің тіршілігіне де сіңіп кеткен.
Ризвангүл Әшімова, диктор:
- Ол кезде мен бір өзім ұйғыр редакциясында істейтінмін. Таңертең далаға шығып кетеміз, оригинал бағдарлама түсіру керек. Кешке келіп эфирге шығамыз. Сонымен, демалыс та жоқ.
Ризвангүл Әшімова көрермен жадында «Тәбәссим» хабарының жүргізушісі ретінде жатталып қалған. «Тәбәссим» - «Тамаша» әзіл-сықақ бағдарламасының ұйғырша нұсқасы. Түрлі ұлт ұйысып, жұмысты жұмыла істеген қара шаңырақ құтты мекен болды. Ризвангүл апай әріптестерін ерекше жылы сезіммен еске алады.
Ризвангүл Әшімова, диктор:
- Менімен бірге Мұрат Әбзілбаев деген диктор жігіт шығатын. Екеуміз эфирді бірге ашатын едік. Бір күні екеуміз бәстесіп қалдық. Ол «мен жарты жыл ішінде ұйғырша үйренемін, сен қазақша үйренесің» деп айтты. «Жарайды» дедік. Сол телевизияда жүргенім қазақша үйренуге, адамдарды білуге, басқа ұлттың дәстүрін, тарихын білуге көп жәрдем берді.
Әртіс болуды армандаған Қымбат Досжанды тағдыр телевизия шыңына бір-ақ шығарды. Театр көркем өнер институтының студент қызының қабілетін телевизияның бас режиссері байқап қалып, оны дикторлардың байқауына қатыстырады.
Қымбат Досжан, «Qazaqstan» телеарнасы жаңалықтарының жүргізушісі:
- Ауылға билет алып, пойызға мінемін деп отырсам, Аман Құлбаев деген факультет деканы жанұшырып іздеп жүрген көрінеді. «Телевидениеден Тыныс Өтебаев деген кісі қоңырау шалды» деп. Сөйтсем, 3 турдан да мені өткізген. «Ауылға пойызбен кетіп бара жатырмын» деп, Қызылордаға кетіп қалдым.
Ауылынан қайтып келген бетте Қымбат Досжанды «телевизия» атты саяхатқа жолдама күтіп тұрады. 30 жылдан астам уақыт үзіліссіз осы салада еңбек етіп жүрген Қымбат Досжан жаңалықтардан бөлек, түрлі әлеуметтік, мәдени бағдарламалардың тізгінін ұстады.
Қымбат Досжан, «Qazaqstan» телеарнасы жаңалықтарының жүргізушісі:
- Көбісі осылар әдемі киініп алып, дайын мәтінді оқып, өз-өздеріне сүйсініп отырады деп ойлайды. «Қандай керемет жұмыс» деп. Сол үшін ақша алады деп ойлауы мүмкін. Бірақ, оның астында ішкі жан-дүниеңді беретініңді, көрермен түсіне бермейді. Егер мені тыңдап отырса, менің айтқанымды, оқығанымды түсініп отырса, демек ол – менің жеңісім.
Кешегі студент Қымбат пен бүгінгі аты брендке айналған Қымбат Досжанның эфирге ілтипаты, көрерменге құрметі еш өзгермеген. Ал, телевизиядан, әсіресе, жаңалықтардан жалыққан емес. Қара шаңыраққа былтыр қайта оралып, ақпарат майданындағы еңбекті жандандыруы бұған дәлел. Осылайша, сахнаны көгілдір экранға алмастырған Қымбат Досжан бүгіндері бірнеше жұмысты қатарынан алып жүр. Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз хатшысы, «Qazaq» радиосында «Бармысың, бауырым» бағдарламасын жүргізеді. Ал, әртіс болу арманының орындалуына әлі де кеш емес сыңайлы.
Альбина ӘШІМ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
