Егемендік пен елдігіміздің мерекесі елордада барынша сән-салтанатымен аталып өтті. Ұлттық мерекеміз - Тәуелсіздік күніне орай бас қаламыз - Астанада мәдени-бұқаралық 30-ға тарта іс-шара ұйымдастырылды.
Еліміздің басты мерекесіне арналған іс-шаралар елордада бір апта бұрын басталып кеткен. 16 желтоқсан күні қала әкімдігі тұрғындарға сый жасады. Таңнан кешке дейін барлық қоғамдық көлік жолаушыларды тегін тасымалдады. Айтулы күнге орай елордада 16-19 желтоқсан аралығында экскурсиялық автобустар да көпшілікке тегін қызмет көрсетуде. Арнайы көлікпен елорданың ең көрікті жерлерін аралап, тарихы жайлы кеңінен білуге мүмкіндік бар.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
- Бұл күндері елордадағы барлық мұз айдындары халыққа лық толуда. Қала тұрғындары мен қонақтары төрт күн бойы бойды шынықтырып, серуен құруда. Қазіргі таңда қала бойынша 10-ға жуық конькимен сырғанайтын орындар бар.
Ал, 16 желтоқсан күні кешқұрым «Бәйтерек» монументі мен қала әкімдігі алдындағы алаңда ашық аспан астында думанды концерттер өтті. Елордалықтар мерекені көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
- Бас қаладағы іс-шаралар легі мерекелік отшашумен аяқталды.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ