Егемендік күнінде еңбегі еленгендер
Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында осылай деді. Президент бұл мейрамның күллі халықты біріктіретін жалпыұлттық мәніне тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдегі ең ықпалды елдер қатарында 34-орынға көтерілгенін мәлімдеді. Еліміздің жалпы ішкі өнімі 350 миллиард долларға жақындап келеді. Дегенмен Мемлекет басшысы қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсуге болмайтынын ескертті. Елде шешімін күткен мәселелер әлі де бар. Президент оларды жою үшін Үкіметке, депутаттар мен мемлекеттік қызметшілерге жауапкершілік жүктеді. Салтанатты жиында ел дамуына үлес қосқан бір топ азамат Президент қолынан мемлекеттік марапат алды. Ақорда төрінде еңбегі еленген жандар туралы Шерхан Жамбылұлы баяндайды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ақорданың үлкен залы. Бұл жерде әдетте шетел президенттері мен халықаралық ұйымдарының ресми қабылдаулары өтеді. Ал бүгін басты мереке қарсаңында бас ғимаратқа қарапайым жұмысшылар келіп отыр. Яғни кеншілер мен шаруалар, мұғалімдер мен дәрігерлерге құрмет көрсетілмек.
Иә бүгін Ақорда еңбек адамдарына төрін ұсынды. Тәуелсіздік іргесін тұғырлы етіп, әр салада тер төгіп жүрген жандар аз емес. Соның бірі мыс балқытып, мәртебесі асқан – Әбдірашит Доспанов. Кезінде әке ізін басып зауытқа қадам басқан. Енді міне 40 жылдан бері абыроймен жұмыс істеп келеді. Майталман металлургке бүгін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Әбдірашит Доспанов, Қазақстанның Еңбек Ері, металлург:
Ақордаға перзентханадан шыға салып келгендер де бар. Білікті дәрігер Әсел Қанатқызы 9 күн бұрын ғана бесінші бөпесін босанған. Ол 6 жылдан бері ерекше балаларды оңалтып, жүздеген бүлдіршіннің қатарға қосылуына үлес қосқан.
Әсел Қанатқызы, педиатр-реабилитолог:
Ал Аманжол Үйсінбаев елорданың айналасындағы жайқалған орманды өз қолымен еккен маман. Қажырлы еңбегінің іздері жүзінде сайрап тұр.
Аманжол Үйсінбаев, «Астана орманы» мекемесінің қызметкері:
Ботагөз Айтмағамбетова 20 жылдан аса ерлермен иық тірестіріп, ауыр қызметтің жүгін көтеріп жүр. Зау биікке көтіріліп, зауыттаға алып кранды тізгіндеген.
Ботагөз Айтмағамбетова, кран машинисі:
Мұғалімдер де марапатқа ие болды. 4 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атанды.
Салима Ибрайымқызы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Ал әндері бірнеше буынның жүрегіне жол тауып, қазақ өнерінің алтын қорына қосылған Алтынбек Қоразбаев ең жоғары марапат – «Отан» орденін кеудесіне тақты.
Алтынбек Қоразбаев, көрнекті композитор, мәдениет және өнер қайраткері:
Бүгін жалпы 47 адам Президент қолынан түрлі марапатқа ие болды. Ал ел бойынша адал еңбегімен көпке үлгі болған 2 мыңнан астам азаматтың еңбегі еленіп, төсбелгілер ұсынылды. Иә елдіктің еңсесін тіктеген халықтың қажырлы еңбегі мен берекелі бірлігі. Президент ынтымақ пен тұрақтылықтың арқасында Қазақстан түбегейлі саяси өзгерістерді жүзеге асырғанын айтты.
Егемен елдің еңсесі биік
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақта «Ынтымақ – мызғымас қорған» деген сөз бар. Біз – болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлтпыз. Шын мәнінде, біз татулық пен тұрақтылықтың арқасында сан түрлі сынақтан сүрінбей өттік.
Саяси жаңғыру экономикалық өсіммен қатар жүріп жатыр. Жалпы ішкі өнім 350 миллиард долларға жақындады. Жыл басынан бері халықаралық келіссөздер нәтижесінде 60 миллиард долларға 355 коммерциялық келісім жасалды. Өндіріс қарқын алып, жыл сайын 150 мыңнан астам автокөлік шығарылады. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жетті. Президент бұл жетістіктер ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі тиіс екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қоғамның барлық саласын қамтыған реформалар еліміздің дамуына тың серпін берді. 2019 жылдан бері экономикамыз 30 пайызға жуық өсті. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асты. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар қаржы аударылды. Былтыр 20 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Ел байлығы ең алдымен халық игілігі. Әлеуметтік салаға триллиондаған теңге бөлініп жатыр. Жеті жылда 4 мыңға мектеп пен аурухана және балабақша салынды. Дегенмен Президент әлеуметтік қолдаудың әділ әрі тиімді бөлінуі маңызды екенін ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соңғы жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге қаржы бөлінді. Мұны халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін салынған инвестиция деп қабылдаған жөн. Елімізде неше түрлі әлеуметтік жеңілдіктер бар, тіпті, олардың кейбірі жымқыру негізінде беріліп жатыр. Сондықтан қазір Үкімет бұл мәселені жан-жақты зерттеп, осы жұмыспен айналысуда.
Қазақстан дамуының жаңа әрі басты бағыты цифрландыру мен жасанды интеллект болмақ. Былтыр айти өнімдердің экспорты 1 миллиард доллардан асты. Елімізде екі суперкомпьютер іске қосылды. Енді одан да қуаттысын іске қосу жоспарланып отыр. Бірақ технологиялық ілгерілеу мен экономикалық өсім атқарылар істің бәрі аяқталды деген сөз емес. Мемлекет басшысы жетістіктермен бірге шешімін күткен мәселелер де аз еместігін ашық айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен бүгін еліміздің бірқатар жетістігіне тоқталып өттім. Бірақ қазіргідей құбылмалы әрі бәсекеге толы заманда бей-жай, бейқам отыруға мүлдем болмайды. Әлі көп жұмыс істеуіміз қажет, кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін мойындаймыз, оларды жою және түзету үшін Үкімет пен депутаттар және барлық мемлекеттік қызметшілер күш салуы керек.
Егемендік – бабалар аңсаған мұрат. Ал сол мұраттың баянды болуы бүгінгі ұрпақтың қолында. Президент ел алдындағы міндеттерді орындау үшін адал еңбек, береке-бірлік пен жауапкершілік қажет екенін айтты. Ал мемлекет алдында тұрған нақты міндеттер мен алдағы жоспарлар туралы келесі аптадағы жолдауында кеңінен тоқталатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы