АҚШ-тың ақшасы аспандап барады. Қазақтың «қасқасы» ақсаңдап барады. Көк қағаз көкке өрлеген сайын, төл теңгенің көк тиын құны қалмай, құн-жыны шықты. Ал, қара халықты қымбатшылық қысып, тарықтырып тағы барады. Амал қанша?! Саясат. Санкция. Саудадағы сатқындық. Ақпарат айдынындағы мылтықсыз майдан. Алыптардың текетіресі. Державалардың дегенінен қайтпауы. Мүдделердің менмендігі. Не керек, тағысын тағы. Бірақ, бұған тоқтау бола ма, болмай ма, бізге мүлдем беймәлім. Белгілісі, басқа жұрт жан бағу үшін жанталасып жатқанда, біздің Үкімет барды ұқсата алмай жайбарақат жатқандай. Әйтпесе, «әй айналайын, шаруаңды шешші, елге еңбек қылшы, мә сұрағаныңды бердік қой», деген қазынаның миллиардтаған теңгесі тегенеге теңгеріліп тектен-тек жатпас еді ғой. Бірақ, қазақтың қазынасынан бөлінген қаржы, өкінішке қарай, халыққа жетпей қаңсып жатыр. Қаңсығаны несі, күн санап құнсызданып бара жатқандықтан, жоспарлы, міндетті мақсат-мұратына жетпей жол ортада қалғалы тұр. Қыс болса, қыр астында. Жылыстап жыл жабылуға жақын. Ал, игерілмей жатқан қаржыда есеп жоқ. Тіпті ешкімнің онымен ешқандай шаруасы да жоқ секілді.
Өтіріктің өзі өнер екенін министрлер кабинетіндегілер негізі жақсы игерген. Олай дейтініміз, олар бюджетті қорғау үшін Парламентке келген кезде депутаттар халыққа керек қаржы деп қанша жерден қан қақсаса да, басы артық бақыр тиын бермей, шашаларына шаң жуытпай, өздерінің дегендерінен қайтпай қояды. Сөйтіп, сылап-сыйпап бюджетті қорғап шығады. Ал, Үкімет жанындағы бюджеттік комиссияның отырысында ақша сұрағанда азар да безер болып отырып алады. Сосын жылап-сықтап жүріп сұрап алған қаржыларын игере алмай, ақыры ит терлері шығады. Неге?
Индира БЕГАЙДАР