Басты Жаңалықтар Ертеңнен бастап мобильді аударымдар тексеріледі

Ертеңнен бастап мобильді аударымдар тексеріледі

Ертеңнен бастап мобильді аударымдар тексеріледі. Биылғы бірінші тоқсан бойынша екінші деңгейлі банктер азаматтардың ақша аударымдары туралы мәліметтерді салық органдарына жолдады. Енді қадағалау басталып, күмәнді жағдайлар анықталған азаматтарға арнайы хабарламалар жіберіледі. Жаңа талапқа сәйкес, кез келген адам бірден тексеріле бермейді. Ол үшін үш шарт қатар орындалуы керек. Үш ай ішінде 100 немесе одан да көп түрлі адамнан ақша түсуі тиіс. Сондай-ақ аударымдардың тұрақты түрде үш ай бойы жалғасуы және жалпы сома шамамен 1 млн 20 мың теңгеден асуы тиіс. Сонымен қатар туыстар, достар арасындағы көмек, сыйлық немесе бірреттік түсімдер бұл бақылауға ілінбейді.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

Бұл бірден айыппұл салынды деген сөз емес. Егер азамат өз шотына түскен қаражаттың тауар немесе қызмет үшін алынған табыс екенін мойындаса, онда салық есептілігін тапсырып, тиісті төлемдерді төлей алады немесе ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркеледі. Ал егер келіспесе, ақша аударымдарының себебін түсіндіріп, оның кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ екенін дәлелдеуге құқылы. Ал күнделікті тұрмыстық шығындар мысалы, тамаққа төлеу, біреуге ақша аудару сияқты қарапайым операциялар бұл бақылауға кірмейді.

Блогерлерді салықтық тексеру күшейді  

Сондай-ақ елімізде блогерлерге қатысты салықтық бақылау күшейді. Қаржы министрлігінің дерегіне сүйенсек, инфлюенсерлердің басым бөлігі табысын жасырып қалған. Жалпы саны 900 ге жуық блогердің, 72 миллиард теңге кірісін жасырып қалғаны анықталған. Тексеру нәтижесінде 622 блогер қосымша декларация тапсырып, бұрын көрсетілмеген қаржысын нақты көрсетті. Қазір 7 блогерге қатысты жеке тексеру жалғасып жатыр. Олардың есептелген қосымша салығы 10 миллион теңгеден асады. Егер бұл ақша өз еркімен төленбесе, іс құқық қорғау органдарына беріледі. Мұндай жағдай бұған дейін де тіркелген. Былтыр жүздеген блогер табысын толық көрсетпегені үшін ескерту алған. Сарапшылардың айтуынша, блогерлер табысты негізінен жарнама мен түрлі онлайн қызметтерден табады. Алайда осы кірістердің көбі ресми есепке енгізілмей келеді.


Бөлісу