Басты Жаңалықтар Ажырасуға өтінім берген 400-ге жуық ерлі-зайыпты татуласты

Ажырасуға өтінім берген 400-ге жуық ерлі-зайыпты татуласты

Былтыр Астанада ажырасуға өтінім берген 400-ге жуық ерлі-зайыпты татуласты. Некені сақтап қалуға медиаторлар көмек берген. Бастама әлеуметтік жоба аясында іске асып жатыр. Ол қандай жоба? Мамандар айырылысуға шешім қабылдаған жұптарды қалай ымыраға келтіреді? Жанел Нұрболатқызы зерттеді.
Елде жыл сайын 40 мың ерлі-зайыпты ажырасады. Бұл әрбір үшінші неке сәтсіз аяқталады деген сөз. Отбасы институтының бұзылуы – мемлекет үшін қауіпті індет. Ол үдей түспесін деп әлеуметтік жоба қолға алынды. Бастама аясында Астанада соттардың жанынан арнайы татуласу орталықтары ашылып жатыр. Мұнда ажырасуға арыз берген жұп сотқа бармай тұрып медиаторлар мен психологтардан кеңес алады.
Снежанна Имашева, ҚР Президенті жанындағы отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл:

Жақсы нәтиже бар. Ажырасуға келген азаматтардың ішінде медиаторлар және психологштар арқылы даулар шешіліп, 25 пайызы сотқа жетпеген. Әзірге бұл Астанада ғана пилоттық режимде іске асып жатыр. Сондықтан осы жұмысты жалғастыру керек. Бүкіл елге тарату керек.
Әлеуметтік жобаға қатысып жатқан соттың біріне бардық. Бірінші қабатты түгел татуласу орталығы етіп жасақтаған. Келіп жатқан отбасы көп. Дені жастар.
Жұлдыз Оспанова, медиатор:
Жастар үйленер алдында жауапкершілікті әлі түсінбейтін сияқты, кейбір қиыншылықтарға әлі дайын емес. Мысалы, бір жұпты татуластырдым қыз 5-6 жас кіші, ер адам 30-да. Ата-әжесінің қолында өсіпті әлі еркелігі көп. Жауапкершілікті әлі дұрыс түсінбеген. Сәл келіспей қалса, ата-әжесіне кетіп қалады екен қыз. Отбасын сақтап қалыңыздар тағы ойланып көріңдер дегеннен кейін 2 күннен кейін ойланды. Осылай нәтиже көргенде біз өз жұмысымызға риза боламыз.
Татуласу орталықтарында өмірден көрген, түйгені бар, отбасы берекелі жандар ғана медиатор ретінде қабылданады. Арнайы даярлықтан өтуі де – шарт. Мысалы, медиатор Жұлдыз Оспанова – көпбалалы ана. Ал Берік Көпбайұлының шаңырақ құрғанына 50 жыл болған. Олар өзге де әріптестерімен бірлесіп, былтыр 400-ге жуық ерлі-зайыптыны ымыраға келтірсе, биыл тағы 100-ден астам отбасыны сақтап қалды.
Берік Көпбайұлы, медиатор:
Татуласуы өте қиын. Неге десең сотқа дейін олар сан мәрте ұрсысады. Татуласады. Оған әке шеше, дос-жаран араласады. Шегіне жетіп келеді соның бәрінен сотқа. Қоғам өзгерісіне байланысты ма жастарымыз ойсыз үйленіп, мұңсыз ажырасады. Бұл өте өкінішті. Олар үйленгенде келешекте үйіміз, көлігіміз болады деген мақсаттары болады. Бірақ сол мақсатқа бірден қолдары жетпей жатады. Қиындыққа шыдамайды.
Медиаторлардың айтуынша, ішімдікке салыну, ойынқұмарлықтың кесірінен ажырасатындар көп. Әлеуметтік желіде «мінсіз өмірдің» насихатталуы да әсер етпей қоймайды. Мәселені шешу үшін депутат, отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Светлана Имашева заңға өзгеріс енгізу жөнінде Үкіметке сауал жолдамақ. Қазіргі заңнамаға сәйкес, сот ажырасуға өтінім жазған отбасыларды медиаторларға жүгінуге міндеттей алмайды. Түзетулер қабылданса, елде ажырасу саны айтарлықтай азаяды. Татуласу орталықтары барлық өңірде ашылады, дейді депутат. 

Бөлісу