Елімізде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 8,5 пайызға өсті
Қазақстан экономикасы шикізатқа тәуелділіктен арыла бастады. Жылдың алғашқы тоқсанында өңдеу өнеркәсібі 8,5%-ға өсіп, негізгі драйверге айналған. Бүгін Үкіметте биылғы үш айдың әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды. Жыл басынан бері елімізге құйылған инвестициялар көлемі 3,5 трлн теңгеге жеткен. Мәселен, ауыл шаруашылығына салынған қаржы бірден 70%-ға өсіп отыр. Дегенмен Үкімет басшысы әкімдер мен министрлерге жұмысты ширату керектігін айтты. Олжас Бектенов жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсімін 5%-ға жеткізу керек деген меже қойды.
Үкімет үш айдың есебін түгендеп, экономикамыз үш пайызға өскенін мәлімдеді. Бұрын негізінен мұнайға арқа сүйесек, қазір бұл сектордың үлесі екі есеге төмендеген. Есесіне өзге салаларда өсім бар.
Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:
Салалар арасында құрылыс, көлік қызметтері және өңдеу өнеркәсібі ең жоғары өсімді көрсетті. Сауда 4,8%-ға, байланыс қызметтері 3,9%-ға, ауыл шаруашылығы 3,4%-ға өсті. Инвестициялар өсімнің драйвері ретінде қалып отыр.
Жалпы жыл басында елімізде мұнай мен газ өндірісі едәуір баяулады. Оған негізінен геосаяси жағдай әсер еткен. Дегенмен жыл соңына дейін 76 млн тонна қара алтын экспорттау жоспары бар. Енді мұнай өңдеу бағытына қомақты қаржы құйылмақ.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
Қуаты 10 млн тоннаны құрайтын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасын жеделдету шаралары қабылданып жатыр. Павлодар мұнай өңдеу зауытын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін, Шымкент мұнай өңдеу зауытын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, Атырау мұнай өңдеу зауытын 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін кеңейту жұмыстары жүргізілу үстінде.
Бюджет кірістері артығымен орындалып, 6 трлн 400 млрд теңгеден асқан. Салық реформасының нәтижесінде қазынаға түсетін қаражат 20 пайызға өсіп, бірінші тоқсанда қосымша 1 трлн теңге салық жиналды. Дегенмен кей өңірлерде ірі жобалар бойынша құжаттама жұмысы ақсап жатыр. Ал Атырау мен Ақмолада экономикалық өсім жоспарланған деңгейден төмен.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бәсекелестік күннен-күнге күшейіп келеді. Бос әңгімені доғаратын уақыт келді. Нақты іспен айналысу керек. Ірі өнеркәсіп және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырып, барлық салаға жасанды интеллектіні енгізу керек. Қаржылық тәртіпті қатаң сақтап, әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру қажет. Қазіргідей бәріне бірдей емес, мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана қолдау көрсетуге тиіс.
Халықты мазалаған қымбатшылық мәселесі де назардан тыс қалмады. Инфляция сәл тежеліп, 11 пайызды көрсетіп отыр. Премьер-министр базарлардағы бағаны қолдан өсіріп отырған «делдалдармен» күресті күшейтуді тапсырды. Отын, азық-түлік және коммуналдық қызмет нарықтарындағы монополияны жою да Үкіметтің биылғы басты міндеттерінің бірі ретінде белгіленді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы