«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп, басыбайлы баспанасында көсіліп жатуды кім армандамайды дейсіз. Арқаға аяздай бататыны, бұл бақыт екінің біріне бұйырып отырған жоқ. Статистикаға қараңыз, 2 миллион, 300 мың! Бұл Қазақстандағы баспанаға мұқтаж адамдардың саны. Нақты емес, тек ресми тіркелгені ғана. Ал, бейресми мәлімет - үйсіз-күйсіз жүргендердің саны 5 миллионнан асып жығылады дейді. Қазір халық бір нәрсені анық түсінді. Кеңес үкіметі кезіндегідей кезекпен пәтер алу келмеске кетті. Жергілікті әкімдіктердегі тасбақаша жылжитын кезектің келіп жетуі қиямет-қайым. Сондықтан, мойындарын қажаса да, жұрт ипотеканың қамытын киеді. Бірақ, бір қызығы, біздің елде тұрғын үйге байланысты бірнеше ипотекалық бағдарлама жүзеге асып келеді. «Өз үйім», «Қолжетімді баспана», «Нұрлы жер» сан түрі бар. Іске қосылады, ізінше өзгеріске ұшырайды, сосын кейбірі халықтың «теріс батасымен» келмеске кетеді.
Баспанамен қамту мәселесіне биыл билік білек түре араласты. Осы жылдың шілдесінде Елбасының тапсырмасымен «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама халыққа 7 пайызбен ипотекалық несие алуға жағдай жасап отыр. Онысы құптарлық. 20 пайыз алғашқы жарнасын төлесеңіз, 25 жылға дейінгі несие ұсынады. Мерзімі ұзарған сайын ай сайынғы төлемнің мөлшері азаяды, әрине. Бірақ, есесіне үстемақы үш пәтердің ақшасын құрайтынын да ескере отырыңыз. Бүгінде бағдарлама шеңберінде Алматы, Астана, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларында алғашқы қарыздар берілді. Алайда, көпшіліктің көкейінде көңілді күпті қылған сауал көп. Мамандар бағдарламаның әлі де түзейтін тұсы бар екенін айтып отыр.
Шынар АСАНҚЫЗЫ