Бас прокурор: Әскерде қаза тапқандардың аналарының уәжі назардан тыс қалмайды
Президент балалары әскер қатарында ажал құшқан аналардың арызын қарауды Бас прокурорға тапсырды. 12 күннің ішінде. Президент көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram парақшасында жазды.
Осы аптада әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары Министрліктер үйінің алдына барып, әскери істерді қайтадан қозғау, әділ тергеу жүргізу, арнайы қоғамдық комиссия құру, әскери бөлімдердегі бейнебақылау жүйесін жаңарту, азаматтарды әскерге 25 жасқа толғаннан кейін шақыру тәрізді талаптарын білдірген.
Бауыр еті баласынан айрылған аналар: «Біз шындықты білгіміз келеді», «Балаларымызды әскерде өлсін деп туған жоқпыз», – деп көз жасын тыя алмады. Қорғаныс министрлігі азаматтарды жеке-жеке қабылдағанын айтып, «әскердегі қауіпсіздік күшейтіліп жатыр» деген мәлімдеме таратты.
Онда: «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі арқылы сарбаздардың ата-анасымен тұрақты телефон байланысы ұйымдастырылған. Күнделікті сарбаздардың дене бітімі тексеріледі. Казармалар мен қызметтен берілген үй-жайларда бейнекамералар орнатылған. Суицидтің алдын алу және қаруға қол жеткізуді бақылау мақсатында жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйесі енгізіліп жатыр», – деп жазылған.
Ал Бас прокурор Б.Асылов: «Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура басшылығы қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметшілердің аналарын қабылдайды. Олардың әрбір уәжі назардан тыс қалмайды», – деп жазды.
Әскерде жүріп түрлі себеппен қайтыс болған сарбаздардың саны қанша деген сауал қойып, ресми хат жаздық. Қорғаныс министрлігі мәлімет бермеді, ол «құпия мәлімет» деп жауап берді.
Ал Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев былтыр: «Соңғы үш жылда елімізде 270 әскери қызметкер қаза тапты. Ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид жағдайы мен 20 өз-өзіне қол жұмсау әрекеті тіркелді», – деген болатын.
Мысалы, 2023 жылдың желтоқсанында бас сүйек-ми жарақатын алып, мүгедек күйге түскен Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтар Түркияға дейін барып ем алғанымен, жағдайы оңала қоймады. «Ербаянға не болды?» деген сұраққа Ұлттық ұлан «дәретханада кафельге құлап қалыпты» деп жауап берген еді...
Айтпақшы, Президент апта басында бүкіл ел бойынша судьяларды ауыстырды, бірқатар судьяны тағайындады, енді бірқатарын лауазымынан босатты. Соның ішінде сотталған судьялар бар.
Ақтау қалалық сотының төрағасы Бауыржан Шайдуллин алаяқтық және пара беруге итермелеу баптарымен, Ақсу аудандық сотының төрағасы Нұрлан Шәймерденов пара алу және қызмет бабын асырып пайдалану баптарымен сотталған.
Теріс мотивпен жыл басынан 12 судья қызметінен босатылған. Жақында Астанада мас күйде көлік жүргізген судья ұсталды. Бас прокуратура оны жауапқа тарту туралы Президентке ұсыным жолдаған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы