Басты Жаңалықтар Ташкент саммиті: Орталық Азия + Әзербайжан форматы іске қосылды

Ташкент саммиті: Орталық Азия + Әзербайжан форматы іске қосылды

Бүгін Ташкентте Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының 7-консультативтік кеңесінің отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев «тарихи шешім қабылданды» деп айтты.

Енді Орталық Азия + Әзербайжан форматы жұмыс істейді. Қ. Тоқаев Әзербайжанды «Үлкен Орталық Азияның табиғи бөлігі» деп атай бастаған-ды. Тіпті өткенде Вашингтонға Ильхам Әлиевтің де қатысқанын қалаған.

Сонымен, Қазақстан Президенті қай мәселелерге тоқталды?

«Қазір Орталық Азия ауқымды трансформация кезеңін өткеріп жатыр. Ортақ күш-жігердің арқасында өңірдің ішкі бірлігі артты. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері өңірдің жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқаратынын мойындайды. Сондықтан «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық артып келеді. Бұған биыл негізгі шетелдік серіктестермен өткен саммиттер дәлел бола алады. Менің ойымша, мұндай серіктестіктің басты мақсаты – өңірдегі тұрақтылықты нығайту және орнықты прогресс үшін жағдай жасау, елдеріміз бен халықтарымыздың бақуатты тұрмысын қамтамасыз ету», – деді Президент.

Былтыр өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі 11,5 миллиард долларға жетті. Көрсеткішті 20 миллиард долларға дейін жеткізу керек.

Мемлекет басшысы перспективті салаларда серпінді жобаларды бірлесе іске қосуды ұсынды. Мысалы, Қазақстан бидайды, майлы дақылдарды, ет-сүт өнімдерін терең өңдеп, мал және органикалық егін шаруашылықтарын дамыта алады.

Сонымен бірге Орталық Азия елдерінің Еуразиядағы негізгі транзиттік торапқа айналуға бірегей мүмкіндігі бар.

«Бір-бірін қайталайтын тексерістерден, шекарадан өту кезіндегі шектен тыс бюрократиялық рәсімдерден арылу үшін жүкті тасымалдаудың бірыңғай электрондық жүйесін енгізу керек. Екіншіден, шекара маңында қалыптасып келе жатқан өнеркәсіп хабы үлкен мүмкіндікке жол ашады», – деді Президент.

Ал су мәселесі қалай талқаланбасын?! Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ұсынды.

Сөз соңында Президент Консультативтік кездесу форматын одан әрі жетілдіруді айтты.

«Кеңестің рөлін күшейтетін уақыт келді деп ойлаймын. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің осы форматтың институционалдық негізін күшейтуге қатысты ұсынысын қуаттаймын», – деді Қ. Тоқаев.

Президенттер бірнеше құжатқа қол қойды. Мысалы, 2027–2028 жылдар аралығында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қырғыз Республикасының кандидатурасын ұсыну бойынша БҰҰ-ға мүше елдерге үндеу;

Әзербайжанды Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII консультативтік кездесуінің толық құқылы қатысушысы деп тану туралы шешім;
Сонымен бірге Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздік, тұрақтылық және орнықты даму тұжырымдамасы; қауіпсіздік тәуекелдері мен олардың алдын алудың 2026–2028 жылдарға арналған тізбесі.


Бөлісу