Қазіргі таңда Ауғанстандағы жағдай қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазіргі таңда Ауғанстандағы жағдай қандай?

27.05.2018

2001 жылдың қыркүйегінде болған террорлық акті естеріңізде болар? АҚШ-та лаңкестер жасады дейтін алапат лаң туралы қазір алыпқашпа әңгіме көп. Бірі оны соңғы ширек ғасырда Исламға именбей теңеу болып жабысқан терроршылардан көрсе, енді бірі солардың отына май құйып, қолына қару мен қаржы беріп отырған алып державалардың ойыны дейді. Кім біледі, мүмкін екеуінікі де рас шығар?! Бірақ, бір нәрсе анық. Сол жуан елдердің ойынынан кейде от тұтанып, содырлар ойран сап, кесірінен бейшара бейбіт тұрғындар зардап шегеді.

Жалпы, терроризм сөзі қорқыныш, үрей дегенді білдіреді. Бұл ұғым алғаш 18-ғасырдың соңында француз төңкерісі кезінде якобиндықтар жүргізген репрессиялық саясаттың атауы ретінде қолданылған. Қазіргінің тілімен қысқа қайырсақ, терроризм - саяси мақсатты сылтауратып, күш қолдану дегенге саяды. Соңғы кездері халықаралық қоғамдастықта өздерін ашықтан-ашық террорлық ұйым деп жариялаған топтардың барын талай естіп жүрсіздер. Олардың көксейтіні билік.

Сол баяғы билікке таласып, елдің ішін алатайдай бүлдірген бүлікшілердің бір тобы Ауғанстанда. Сөзіміздің басында айтқан АҚШ-тағы терактіні жасады деген Бен Ладеннің сол сойқаннан кейін Ауған даласында бас сауғалап жүріп, мерт болғанын білесіздер. Білетіндер бұл елдің таулы аймақтарында тәліптердің арнайы терроршыларды даярлайтын лагерлері бар деседі. Біздің ел осы террор деген тажалға бар жан-тәнімен қарсы. Қарсы болып қана қоймай, әлем назарын осы проблемаға жиі аударып, дөңгеленген дүниеде осы дүрбелеңнің тоқтауына бастамашы болып жүр. Нәтижесіз емес. Шам елінде жеті жылға жалғасқан соғыс отының бәсеңдеуіне Астана процесі арқау болды. Ауған мәселесін талай халықаралық мінберлерде тілге тиек етіп, аймақта тыныштық орнатуды о бастан айтып келеді. Астана қысқасы, арнайы алаң ұсынып, тараптарды татуластырып жібермесе де, тұрақтылық орнату мәселесін тездетіп шешуді ұсынып жүр. Сәтін салса, бұл бастама да іске асар.

 

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу