Басты Жаңалықтар «Талдықорған–Қалбатау–Өскемен» тасжолындағы жаңғырту толық аяқталуға жақын

«Талдықорған–Қалбатау–Өскемен» тасжолындағы жаңғырту толық аяқталуға жақын

Республикалық маңызы бар «Талдықорған–Қалбатау–Өскемен» тасжолындағы жаңғырту толық аяқталуға жақын. Қазір күре жолдың асфальты төселіп бітіп, абаттандыру жүргізіліп жатыр. Жаңа жол көлік ағыны үшін ашық. Нәтижесінде тасжол арқылы көршілес Қытай мен Ресейге де транзит жанданып, экономикаға да оң әсерін ете бастады.

«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» тасжолының Абай облысына қарасты бөлігі 352 шақырымнан асады. 8 учаскеде жүргізілген құрылыс кезінде  22 көпір, 300-ге жуық су өткізгіш құбыр салынған. Одан бөлек демалыс орындары құрылып, елді мекендерге кіре берістер жөнделді. Жарықтандыру жүргізілді.

Серік Жұмабеков, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Абай облыстық филиалының бас маманы:

Жол белгілерінің барлығы жобаға сәйкес. Камералар біздің учаскелер бойынша, Абай облысы бойынша 9 жерге орнатылып жатыр.

Жаңғырту жұмыстарына 185,8 миллиард теңге бөлінген.

Жол құрылысының 15 проценті республикалық бюджеттен қалған бөлігі ҚХР есебінен қаржыландырылды.

Хан Лиси, жобаның атқарушы директоры:

Жолға қажет қоспалар Германиядан әкелінді. Климаттық жағдайға байланысты Абай облысы төңірегіне арнайы полимерлер қолданылды. Қазір жұмыстың 2 пайызы ғана қалды. Жақында аяқтаймыз. Жұмыс біткен соң 2 жылдық кепілдік мерзімі бар.

Жол бойында қауіпсіздік инфрақұрылымдары да талапқа сай ретке келтірілген. Жол белгілері, тосқауыл қоршау, торлы қоршау, қар тоқтатқыштар орнатылды.

Автожол бойында орналасқан елді мекендердің кейбірінің ішкі жолдары мен кіре берістерін мамандар  жобадан тыс жөндеп берген. 

Мейірғали Қабайұлы, Үшбиік ауылының тұрғыны:

Семей қаласына 6-7 сағат жүріп, әзер баратын. Қазір кемінде екі жарым, үш сағатта жетіп үлгереді. 

Жолдың сапасы барлық стандартқа сай келеді дейді мамандар. Құрылыс басталғалы бірнеше сатыдан тұратын авторлық, техникалық бақылау жүргізілді.

Жасұлан Құрманғалиев, «Жол активтері сапасының Ұлттық орталығы» филиалының инженері:

Тасжол салынғаннан кейін Ұлттық сапа орталығы сынамаларын алып, зертханаға өткізіп, оның құрамын тексеріп отырдық. Қазіргі таңда жолдың сапасы жақсы деп айтуға болады.

Қазір күре жолдың екі учаскесінде ғана абаттандыру жүргізіліп жатыр. Республикалық күре жол ретке келгелі өңірде көлік қозғалысы реттеліп, транзиттік әлеуеті арта түскен.

Бөлісу