Басты Жаңалықтар Енді алақанмен төлем жасауға болады

Енді алақанмен төлем жасауға болады

Kaspi.kz жаңа инновациялық қызметтерін таныстырды. Енді тұтынушылар карта немесе QR-сыз-ақ, алақанды терминалға тигізіп төлем жасай алады. Kaspi Alaqan желтоқсанда алдымен Алматының дүкендері мен ірі сауда орталықтарында, кейін басқа өңірлерде іске қосылады. 

Kaspi Alaqan – қарапайым төлем құралы емес, цифрлық технологияның жаңғыруы. Жаңа қызметті іске қосу үшін компания мамандары зерттеу, жобалау және жетілдіру жұмыстарын жүргізген. Kaspi өкілдері жаңа төлемнің басты артықшылығы – қауіпсіздік, жылдамдық, ыңғайлылық дейді.

Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы:

Kaspi Alaqan-ды әзірлеу барысында жаңа сервисті түрлі сынақтан өткіздік. Ең бастысы жүйеге жүктелген әр қолданушының жеке деректері қорғалып, сақталуын назарда ұстадық. Компанияның барлық жаңа қызметі мен технологиялық шешімі – толықтай өз мамандарымыздың еңбегі. Бұл – отандық ІТ саланың дамуына қосқан үлкен үлесі.

Бұл қызмет бизнес серіктестері үшін алғашқы үш айда комиссиясыз болады және компания Алматыда қазірдің өзінде 20 мыңға жуық жаңа терминалды тегін беруге дайын. Сондай-ақ серіктестеріне арналған Kaspi AI көмекшісі мен «Сыртқы жарнама» қызметін іске қоспақ. Жасанды интеллектіге негізделген бұл құралдар тауар суреттерін жасап, сипаттамаларды автоматты түрде толтыруға және әлеуметтік желілерде жарнамалауға көмектеседі.

Мақсат Халық, экономист:

Мұндай компанияның болуы алдағы уақытта белгілі бір дәрежеде Қазақстан экономикасында өзге де компанияларды тартады. Ол тура осы сияқты нарықта бәсекеге қабілетті компаниялар туындайды деген сөз. IT компаниялардың жұмысы алдағы уақытта өрлей беруі керек деп есептейміз.

Kaspi.kz ұсынған жаңа сервистер тұтынушылардың өмірін жеңіл әрі қауіпсіз ете түспек. Мамандар инновацияға негізделген мұндай жобалар кәсіптің тиімділігін арттырып, ел экономикасына жаңа мүмкіндік әкеледі деп бағалап отыр.


Бөлісу