Қазақстан және АҚШ: Жаңа серіктестік көкжиегі
Вашингтонда өтетін С5+1 саммитіне санаулы күндер қалды. Орта Азия елдері мен АҚШ арасындағы диалог форматында осымен екінші рет алты мемлекеттің президенттері бас қосады. Орталық Азияға ортақ олжа саналатын саммитте не талқылануы мүмкін?
3 күннен кейін Вашингтонда С5+1 саммиті өтеді. АҚШ Орталық Азия басшыларын мұндай саяси алаңға екінші рет жинағалы отыр.
Екі жыл бұрын құрама штаттардың бұрынғы президенті Джозеф Байден 5 елдің Президентін Нью-Йоркке шақырған еді. Онда тараптар Орталық Азияның егемендігі мен өркендеуін одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеуге келіскен.
Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:
Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттерінің АҚШ-пен байланысындағы стратегиялық тұрғыдан дамудың және өзара сенімнің орын алуын үлкен бір көрініс деп айтуға болады. АҚШ-тың Орталық Азияға қызығушылық танытуы және осындай президенттер деңгейіндегі кездесуді ұйымдастыруы бұл жалпы Орталық Азияның әлемдік геосаясатта ойнайтын рөлінің артуының тағы бір көрінісі.
Бұған дейін өткен саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда БҰҰ-ның аймақтық орталығын ашу ісінде АҚШ-тың қолдауына сенім артатынын жеткізген. Нақтырақ айтқанда, Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы. Бұл – Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның саясаттағы салмағын нығайта түскен қадам болды. Ал бұл жолы энергетика, сирек металдар мен минералдар, цифрландырумен қоса көлік және логистикадағы серіктестікті дамыту ісі талқыға түспек.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
Қазақстан өзін көпвекторлы саясатты ұстанатын мемлекетімен, саяси-экономикалық тұрақтылығымен инвестициялық қызығушылығы бар мемлекет ретінде көрсетіп келе жатыр. Оған дәлел осы АҚШ пен Қазақстан арасындағы экономикалық әлеуметтің артуы, АҚШ-тың біздің елдегі мұнай-газ секторындағы кейінгі уақытта жасыл технологияларға, ауыл-шаруашылығына салынып жатқан инвестициялардың көлемімен байқауға болады. Жалпы, Қазақстан АҚШ үшін Орталық Азиядағы тұрақтылығы бар, ұзақмерзімді келісімшарт жасайтын мемлекет ретінде көрсеткен. Алдағы уақытта осы позицияны сақтап қалуға екі мемлекет те мүдделі.
Иә, биыл күн тәртібінде
қаралатын мәселелерге бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аударған. Мәселен,
Қазақстанның сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артқан
литийді өндіруде әлеуеті жоғары. Елде шамамен 5 мыңға жуық барланбаған кен орны
бар екенін ескерсек, Вашингтон саммитінде осы салаға да инвестиция мен озық
технология тартуға мүмкіндік туады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы