Wikipedia қолданушылары 8 пайызға азайды
Уикипедия қолданушылары былтырғымен салыстырғанда 8 пайызға азайды. Сарапшылардың сөзінше, қазір азаматтар ақпаратты сайттан іздегеннен гөрі жасанды интеллектен сұрағанды жөн көреді. Ал ЖИ ұсынған ақпаратқа міндетті түрде фактчек жасау керек. Сала мамандарымен тілдескен әріптесім Ақниет Балтанова тақырыпты тарқатады.
Ақниет Балтанова, тілші:
Уикипедия осыдан 24 жыл бұрын яғни 2001 жылы пайда болды. Ғаламтор әлемін енді тани бастаған әр адам осы энциклопедияның көмегіне жүгінетін. Алайда, технология қарыштап дамып, нейрожелілер біртіндеп барлық энциклопедия мен агрегаторды ығыстырып жатыр. Нәтижесінде Уикипедияны пайдаланушылар саны 8 пайызға төмендеген.
Wikipedia қорының өкілі Маршалл Миллердің дерегінше, бұл көрсеткіш энциклопедия аудиториясын тексеру барысында белгілі болған. Қазір әлем халқының тең жартысы Жасанды интеллекті күнделікті өмірде белсенді пайдалануға көшкен. Ал қазақстандықтардың 65%-і осы нейрожүйелердің көмегіне жүгінеді.
Ник Макфлай, Hybrain.ai компаниясының атқарушы директоры:
Тек Уикипедия емес, Гугл да, сол сияқты барлық платформа өз қолданушыларынан айырылып жатыр. Өйткені адамдардың ақпарат алу әдісі өзгерді. Демек энциклопедиялар да заман ағыныма сай бейімделуі тиіс. Бәлкім, өз интерфейсін жасап шығару керек шығар. Дегенмен Уикипедия құндылығын жоғалтады деп ойламаймын. Жасанды интеллектің өзі ақпаратты Уикипедиядан алады.
Нейрожелілердің қарқынды дамуы, керек сұраққа нақты жауап табуы - жақсы үрдіс. Бірақ жасанды интеллект фактчек жасамайды. Ол жинақтап берген ақпараттың бәрін «екі шоқып, бір қарау керек», - дейді сала мамандары.
Ақылбек Мақсұтов, Назарбаев университеті жанындағы ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының деректер талдаушысы:
Кез келген жасанды интеллекте қазір өзінің үлкен бір проблемасы бар. Ол галюцинация деп аталады. Яғни белгілі бір ақпарат берген кезде ЖИ қате ақпаратты, дұрыс деп көрсетіп беруі мүмкін. Сондықтан чат джипити да немесе ұқсас қолданбалар да, бәрінің астында «ЖИ қателесуі мүмкін. Ақпаратты екі тексеріңіз деген мәтін болады. Яғни олар бір қате ақпарат берген болса, жауапкершілікті өздеріне алмайды деген сөз ғой.
Жасанды интеллект ұсынған ақпаратқа қалай фактчек жасаймыз? Біріншіден, дереккөздерін тексеру қажет. Мәліметтердің ресми сайттардан алынған-алынбағанын анықтау маңызды. Екіншіден, бірнеше дереккөздермен салыстыру. Үшіншіден, жарияланған мерзімін тексеру. Одан соң ақпараттың растығын анықтайтын Factcheck.kz платформасының көмегін пайдалану. Ал кей тақырыптар бойынша нақты сала мамандарына яғни сарапшыларға жүгінген жөн.
Ақниет Балтанова, тілші:
Бәріміз білеміз, Уикипедиядан бір ақпарат іздесек, міндетті түрде сілтемесі, қайдан алынғаны көрсетіледі. Тіпті әр сөздің дереккөзі бар. Сондық ол сенімді ақпарат көзі болып қала бермек. Десе де ЖИ зерттеушілері Уикипедияға жаңа бағыт керек дейді.
Айтып ауыз жиғанша технология саласының алпауытына айналған Илон Маск Grokopedia деп аталатын платформаны таныстырды. Бұл жоба жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейді. Саладағылар Грокопедияны Уикипедианың қарсыласы яки баламасы деп бағалап жатыр. Бірақ құрастырушылар әзірге тек бета нұсқасын дайындағанын айтады. Сондықтан қолданушылардың көңілінен шыға ма, сапасы қандай болады – бәрі де уақыттың еншісінде.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы