Басты Жаңалықтар Белгілі тележурналист Азат Рыстанбек 46 жасында өмірден өтті

Белгілі тележурналист Азат Рыстанбек 46 жасында өмірден өтті

Кеше белгілі тележурналист, әріптесіміз Азат Рыстанбек 46 жасында өмірден өтті. Бұл тұтас қазақ телевизиясының қабырғасын қайыстырған қайғылы қаза. Бүгін ағайын-жұрт және журналистер қауымы әріптесімізді  өзінің туған жері Түркістан облысында ақтық сапарға шығарып салды. Ал біз деректерді дирижердей фильмде сөйлете білген Азат Рыстанбек жайлы материалды көрейік.

Ол ақырын жүріп, анық басатын. Еңбегі де елдің назарында болды. Үнемі ізденіс, үнемі ой үстінде. Тілшінің де тереңі мен таязы болады. Азат - журналистикадағы аламанның жүйрігі еді. Алысқа бойлап, күрделі, көлемді, сериялы, кесек дүниелерді жасады. «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмі, «Русафа: Маңызды миссия» атты арнайы жобасы, Германияның Бухенвальд және Цайтхайндағы әскери тұтқындарды жаппай қамау орындарынан дайындаған арнайы репортаждары жоғары бағаға ие болды. Оның әр деректі фильмі сол тарихи оқиғаға арналған таспалы ескерткіштей еді.

Талант Арғынғали, әріптес, досы:

Бір дүниені қолға алған кезде оны зерттеп, зерделеп, бүге-шігесіне дейін жетпейінше тыным таппайтын азамат еді. Техникалық жағын да қолға алып, монтаж деген дүниелерді де өзі жасайды. «Анадолыға дейін» деген фильмдеріне дейін де қанша дүние істеді. Бұл кәдімгі жаңалықтар бөлімінде журналист болып бастап, кейін осындай үлкен документалист маманға дейін жетті. Мұның істеген дүниелерінің көбін жасы келген азаматтар жасай алмаған сияқты.

Сирек кадр, түйдек тіркес, интернеттің бетінде жоқ дерек, эксклюзив сұхбаттар. Азаттың әр материалында осындай артықшылық бар еді.  Ол Ұлттық арнада 20 жылға жуық еңбек етті. Корпорацияның «Алтын қорына» мол олжа салды. Өмірінің соңғы жылдары «Хабар» телеарнасында да көлемді фильмдерді дүниеге әкелді.

Қайрат Мұсақұлов, «Qazaqstan» телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары:

Көпшілік бара бермейтін, сүбелі-сүбелі, қиын тақырыптарға қорықпай баратын. Жалпы, қоғамдық өмірде, саяси болсын, тың тақырыптарды зерттеп, соны жеріне жеткізіп, үлкен мәселелер көтерді. Өте салиқалы, салмақты азамат болатын. Жүрген жүрісі, өзін-өзі ұстауы, салмақтылығы, жұмысында да сондай болатын.

Азат шығармашылығында шындықтың шырағын сөндірген емес. Қауіпті, күрделі тақырыптарды да қаузады. Сол арқылы қазақ телевизиясының тарихында өзінің қолтаңбасы мен ізін қалдырды. Ол – қызметке де, қызылды-жасыл дүниеге де қызықпады. Мамандығына, ұстанымына адал болды. Ол сол қалпында, Азат күйінде кетіп барады.


Бөлісу