Басты Жаңалықтар Жезқазған қаласы экологиялық апат аймағына кіруі мүмкін

Жезқазған қаласы экологиялық апат аймағына кіруі мүмкін

Ұлытау облысындағы Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданы экологиялық апат аймағына кіруі мүмкін. Қазір толыққанды зерттеу жүргізіліп, қорытындысы Денсаулық сақтау министірлігіне жолданды. Соңғы жылдары елді мекенде ауа ластануы артып, тұрғындардан келген шағым да көбейген.

Жезқазған - ертеден мыс индустирясының орталығы. Сондықтан қала маңында ірі кәсіпорындар көп. Алайда сол өнеркәсіптің өлкеге зияны да жоқ емес. Мәселен, облыстық Қазгидрометтің бақылауынша, қаланың атмосфералық ауасы жоғарғы ластану деңгейіне жеткен. Ал жауаптылар зауыттардан шығатын көк түтін нормаға сай дейді.

Ертай Жайназар, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

Кәсіпорындармен тоқсан сайын өндірістік экологиялық бақылау жүргізіледі. Оның есебі бізге тапсырылады. Бақылау жүргіземіз. Бүгінгі күнде ешқандай нормативтен асу дерегі тіркелмеген.

Қазақстандағы ең ластаушы 50 кәсіпорынның үшеуі Жезқазған қаласы іргесінде. Қазір жаңа заңнамаға сай осы зауыттар ауаға тарайтын зиянды заттарды бақылайтын жүйе орнатуы тиіс. Әзірге бұдан да нәтиже жоқ. Себебі тұрғындар көк түтіннен көз ашпаймыз деп шағымдануда.

Иә, өңірде онкологиялық аурулар өршіп тұр. Өлім-жітім бойынша өкпенің қатерлі ісігі бірінші орында. Облыста түрлі қатерлі ісік ауруларымен 2500 адам тіркелген. Алайда аурухана толыққанды көмек көрсете алмайды. Тиісті дәрігерлер де санаулы.

Сабина Ниязова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінде онкологиялық ауруларға кішігірм ем-домдар көрсетіледі. Ал негізгі емді тұрғындар басқа қалалардан алуға мәжбір. Көбісі амалдың жоқтығынан Астана, Қарағанды ауруханаларына тіркеледі, тіпті қоныс аударып жатады.

Жандос Бақытұлы, тілші:

Көпбейінді аурухана маңындағы бұл ғимарат бірнеше жыл бұрын жөнделе бастаған. Мұнда жоспар бойынша онкологиялық орталық болуы керек еді. Алайда маман тапшылығы мен бюджеттің жоқтығы кесірінен құрылысы тұралап тұр.

Енді демеушілердің көмегімен орталық қайта қолға алынуда. Алдымен мемлекеттік сараптамадан өтпек. Одан кейін бюджеттік өтінім беріледі. Барлығы мақұлданса, 100 адамға шақталған орталық құрылысы 2027 жылы басталмақ.

Бөлісу