Алдағы апта яғни, 28-сәуір күні Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма алтыншы сессиясы өтеді. Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» атты отырысты шақыру туралы арнайы өкімге қол қойғаны өздеріңізге мәлім. Жалпы, бұл бірегей құрылым 23 жылдың ішінде ерекше институт болып қалыптасты. Естеріңізде болса, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Кеңес одағы «ұлттар лабораториясына» айналдырған Қазақстанның ел болып еңсе тіктеріне көп адам күдікпен қарады. Тіпті, аузы дуалы саясаттанушылардың өзі жас мемлекетті этносаралық қақтығыстың ошағына айналады деп ойлады. Осындай күрделі кезеңде 1995 жылы Президент бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп, этносаралық ауызбірлік пен ынтымақтың нығайып, қоғамдық келісімнің кемелденуіне өз септігін тигізді. Әу баста Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде пайда болған жаңа құрылымның кейін құқықтық қуаты артып, кемелденді. 2007 жылы Ассамблеяға конституциялық мәртебе беріліп, Мәжіліске тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Ал, бір жылдан кейін Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы әлемде баламасы жоқ заңға қол қойып, қызметін нормативтік құқықтық тұрғыдан айқындады. Соның арқасында құрылымның еліміздің саяси жүйесіндегі мәртебесі мен қоғамдық-саяси рөлі айтарлықтай артты. Сонымен қатар, төрағасының тікелей Президенттің өзі болуы — оның табысты жұмыс істеуіне кепіл болды. Қазақстандағы жүзден аса ұлт өкілдерін береке мен бірлікке ұйыстыратын ұйымның 9 өкілі қазір Мәжілісте отыр. Аталған депутаттар еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді. Елдегі барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін жағдай жасап отырған Ассамблеяны әлем Қазақстанның этносаралық саясатының табысты үлгісі деп біледі. «Апта» сараптау орталығы осы жолы ассамблеялықтардың рейтингін түзді.