Елімізде паралимпиада спортшылары туралы фильм түсіріліп жатыр
Елімізде паралимпиада спортшылары туралы жаңа көркем фильм түсіріліп жатыр. «Ерекше» деп аталатын кинокартина - бочча паралимпиадалық спорты жайлы түсіріліп жатқан алғашқы отандық туынды. Жобаны «Tiger Films» компаниясы Қазақстан Бочча федерациясының қолдауымен жүзеге асыруда. Бас демеуші – «Kinopark Group» компаниялар тобы.
4 қарашада басталған фильмнің түсірілімі Алматы, Астана және Ақтау қалаларында өтіп жатыр. Туынды желісі бойынша еш таршылық көрмей өскен жас жігіттің өмірі бір сәтте өзгереді. Мас күйінде көлік жүргізген ол 70 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады. Сол жерде сал ауруымен ауыратын інісіне қамқор болып жүрген Әйгерім есімді бойжеткенмен танысады.
Итиана Шыңғысханова, Боччадан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
Мен «Tiger Films» және «Kinopark» тарапынан фильмге шақырту алғаныма өте қуаныштымын. Мен бұл спорт түрімен айналысқаныма 5 жыл болды. Бұл интеллектуалды ойын екенін түсіне бастағанда аңсарым ауып, шындап кірісе бастадым. Себебі Бочча дәлдік, шыдамдылық пен тактикалық жоспарлау қасиеттеріңді дамытады.
Қазақстанда бочча спорты соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Қазір еліміздің 10 өңірінде федерацияның филиалы ашылып, 250-ден аса спортшы тіркелген. 50-ге жуық ерекше жан ұлттық құрама сапында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр.
Нұргүл Ұлжекова, Қазақстан Бочча федерациясының бас хатшысы:
Әр өңірде оларға мүмкіндік жасалып жатыр. Спорт кешендері де салынып жатыр. Спорттық жабдықтау да қарқынды дамуда. Сондай-ақ біз елімізде осы жылы бірінші рет халықаралық жарысты өткіздік. Келесі жылы Астанада Әлем кубогын өткіземіз.
«Kinopark Group» компаниясының өкілдері жоба
ерекше жандарға деген қоғамның көзқарасын өзгертуге үлес қосады деп сенеді.
Премьера 2026 жылдың 19 наурызына жоспарланған. Фильмнен түскен барлық табыс Қазақстан
Бочча федерациясына аударылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы