Әлем жаңалықтарына шолу
Бангладештің бұрынғы үкімет басшысы Шейх Хасина адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген айыппен өлім жазасына кесілді. Бірақ былтыр тамызда Үндістанға қашқан 78 жастағы экс-премьер сот үкіміне қарсылық білдіріп, тағылған кінәні «біржақты әрі саяси астарлы» деп атады.
АҚШ-та республикалық партия Ресеймен сауда жасайтын елдерге қарсы санкция жобасын әзірлеп жатыр. Ол қабылданса, Ресейден мұнай, газ, уран сатып алған мемлекеттердің тауарларына тариф 500 пайызға дейін өсуі мүмкін. Мұны президент Дональд Трамп мәлімдеді.
Сауд Арабиясының Мәдина шаһары маңында үнді мұсылмандары мінген автобус өртенгенде 45 адам қаза тапты. Мұны Үндістанның Хайдарабад қаласының полиция комиссары осыдан бірнеше сағат бұрын хабарлады. Оның дерегінше, тірі қалған жалғыз адам жансақтау бөлімінде жатыр.
Ұлыбританияға заңсыз барған мигранттар осы елде тұрақты тұру рұқсатын 20 жыл күтуі керек. Бұл туралы жоспарды Біріккен Корольдіктің ішкі істер министрлігі келесі аптада ұсынатынын хабарлады.
Иран үкіметі жауын жауғызу үшін бұлттарға күміс иодиді мен калий шашуға кірісті. Себебі биыл Ислам Республикасы аумағына түскен ылғал 89 пайызға азайып, тіпті Тегеран халқын көшіру мәселесі күн тәртібіне шығып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы