Басты Жаңалықтар Пластиктің майда бөлшектері адам ағзасынан табыла бастады

Пластиктің майда бөлшектері адам ағзасынан табыла бастады

Микропластиктен қауіп көп. Мұхиттардың түбіне, Эверест тауының шыңына жеткен пластиктің майда бөлшектері енді адам ағзасынан табыла бастады. Шетелдік ғалымдар нанопластикті ересектердің миынан, қанынан анықтағанда жарияға жар сала қоймап еді. Енді жүкті әйелдердің жатырындағы плацентасынан (жолдасынан), балалардың дене мүшелерінен тауып, дабыл қағуда. Микропластик адам ағзасына қалай түскен, қайтпек керек? Әріптесім Нұрсұлу Қасым зерттеп көрді.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Микропластик өлшемі бар жоғы бір миллиметрді құрайтын пластиктің майда бөлшегі. Шаштан сексен есе жіңішке. Тек микроскоппен ғана көрінетін  оны біз ауамен жұтып, тамақпен бірге жеп жатырмыз. Мәселен, мынадай құтыдағы тағамдарды қысқа толқынды пеште ысытқанда микропластик бөлініп, тағамға сіңеді. Бөтелкедегі судың ішінде де триллиондаған нанопластик бар, дейді ғалымдар.

Сондықтан ғалымдар мүмкіндігінше шыны, темір ыдысты пайдалануға  шақырады. Аналарға сәбиін табиғи түрде емізуге кеңес береді. Себебі жасанды сүтпен тамақтанатын нәрестелердің пластик бөтелкесін жоғары температурада зарарсыздандыру, сүтті ысыту кезінде бөлінетін микропластик баланың ағзасына қауіпті. Майда бөлшектердің эмбрионнан табылуы да зерттеушілерді алаңдатып отыр. 

Эстер Рамос, теңіз биологиясын зерттеу орталығының зерттеушісі:

Соңғы зерттеулер микропластик бала ағзасының жетілуі мен қалыпты жұмысына кері әсер етуі мүмкін екенін көрсетті. Ол қант диабеті, жүрек, қан тамырлары сынды созылмалы ауруларды күшейтіп, май мен ақуыз бөлу процесін тежеуі ықтимал.

Австралиялық ғалымдар микропластикті адам миынан анықтаса, нидерландық зерттеушілер оны 20 донордың қанынан тапқан. Зерттеу барысында кішкентай бөлшектердің қызыл қан жасушаларына жабысып, қанның оттегі тасымалдау мүмкіндігін шектейтініне көз жеткізген.  

Гюом Дюфло, Францияның азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық агенттігінің зерттеушісі:

Микропластиктің адам ағзасына қалай әсер ететіні әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Дегенмен жануарларға жасалған зерттеулерде мида табылған нанопластиктер мидың қалыпты дамуына кері әсер етіп, ауытқуларды көрсетті.

Микропластик ағзаға улы химикаттарды тасымалдап, адамның ұрықтану қабілетін әлсіретуі мүмкін екенін айтқан ғалымдар жаһан жұртын пластиктен бас тартуға үндейді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметінше, соңғы 50 жылда пластик өндірісі 2 млн тоннадан 475 млн тоннаға көбейген. Ғалымдар әлем көшбасшылары әрекет етпесе, 2060 жылға қарай пластикті тұтыну 3 есеге көбейіп, адамзатқа қауіп микропластиктен болуы бек мүмкін деп дабыл қағуда.


Бөлісу