Кез келген тіл әлеуеті зор, қуатты тілге айналуы үшін ол алдымен ғылым тілі бола алғаны ләзім. Тұрмыстық қолданыспен шектелмей, әлемдік ілім-білімді жеткізуге қарым-қабілеті жетуі тиіс. Кезінде бәзбіреулер білгірсініп, «қазақ тілі ғылым тілі емес» деген пікірлерді айтты. Сол керітартпалардың көмейіне құм құйылар күн туған тәрізді. Адамзат баласы тарихындағы ең үздік ғылыми еңбектер қазақ тіліне аударылды. Естеріңізде болар, өткен жылдың сәуірінде Президент елдің жаһандану дәуіріндегі кескін-келбетін айқындайтын «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түзген еді. Онда әлемдегі үздік оқулықтарды қазақ тіліне аудару жайлы сөз қозғаған болатын. «100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру үшін «Ұлттық аударма бюросы» құрылды. Жоғары оқу орындары аударылуы тиіс кітаптарды іріктеді. Іріктелген 800 еңбектің 100-і таңдалып, аудармашылар іле-шала іске кірісіп кетті. Аталған жоба араға жыл салып, өзінің алғашқы жемісін берді. Бір жыл ішінде сол еңбектердің 18-і қазақша басылып үлгерді. Аталған еңбектер осы аптада Елбасыға таныстырылды. Оқулықтар философия, әлеуметтану, антропология, дінтану, экономика секілді іргелі салаларды қамтиды. Бұл кітаптардың кейбірінің тіпті орыс тіліндегі аудармасы жоқ. Түпнұсқадан тікелей қазақ тіліне аударылып отыр. Сонымен, қазақ баласының кітап қоржыны қандай қазынамен толықты?
Шынар АСАНҚЫЗЫ