Кешелі бері саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кешелі бері саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстары басталды

21.02.2016
Кешелі бері саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстары басталды
Апта басында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басшыларымен кездесті.

Күні кеше ғана ел бойынша Мәжіліс сайлауының үгіт-насихат науқаны басталды. Ал, сайлауға әзірлік жұмыстары бір айдан бері толассыз жүріп жатыр. Мысалы, ел бойынша сайлаушылардың тізімі анықталды, бюллетеньдер саны бекіді, жеребе рәсімі өтті, саяси партиялардың өкілдерімен семинар кеңестер өтіп, шетелдік байқаушылардың алды тіркеліп жатыр.

Біздегі ақпар бойынша, Сыртқы істер министрлігі арқылы шетелдің 52 байқаушысы аккредитация алған. Сайлау үлкен науқан, жай емес саяси науқан. Сол сайлаудың үгіт-насихаты қалай жүріп, қалай аяқталуы тиіс? Заң не дейді?

Кешелі бері саяси партиялардың үгіт-насихат жұмыстары басталды. Бірақ, осы саяси дода алдында Орталық сайлау комиссиясы барлық тәртіп пен ережені және сайлау заңнамасындағы тиісті нормалар бойынша бірнеше рет жиын өткізді. Көпшілік көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.

Апта басында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері және жауапты орган мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басшыларымен кездесті. Талқыланған басты тақырып - үгіт жұмыстары кезінде бәріне бірдей қарау және теңдей уақыт бөлу. Баса айтылған негізгі мәселе – осы.

Егер ақпарат құралдарында біріне көп, екіншісіне аз уақыт берілсе, бұл сайлау заңнамасын бұзған болып есептелінеді. Келесі мәселе партияға қатысты ақпараттық қолдау материалдары тек бірінші басшының атына хат жүзінде өтініш болып түссе ғана жарияланады.

Ондай өтінішті партия басшысы немесе партияның сенімді өкілі ақпарат құралдарының басшысына жаза алады. Ал, партиялық тізімге кандидат ретінде тіркелген лауызымды тұлға яғни әкім, министр немесе олардың орынбасарлары өз жұмысын істей береді. Тек үгіт-насихат жұмыстарына қатыспаса болды.

Владимир Фоос, ҚР ОСК төрағасының орынбасары:

Егер ол сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен айналысатын болса онда өз қызметінен бас тартуы керек немесе еңбек демалысына шыққаны дұрыс. Өйткені, ол өзінің лауазымды қызметін пайдалана отырып сайлау заңнамасына сәйкес партияның үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алмайды.

Сайлауалды жұмыстың екінші кезеңі яғни, партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталды. Сонымен, наурыздың жиырмасы күні өтетін Парламент сайлауына алты саяси партия атынан барлығы 234 кандидат қатысады.

Тіркелген кандидаттардың орташа жасы елу екіде. Ал, ең жасы жиырма алтыда. Ендігі міндет - үгіт жұмыстарын сайлау заңнамасына сай, әділ және ашық түрде өткізу. Ең бастысы, барлық үгіттік баспа материалдарды шығарған ұйымдар, оларға тапсырыс жасаған тұлғалар қандай қаражаттан төленгендігі туралы мәліметтер беруі тиіс.

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР ОСК төрағасы:

Осыған байланысты біз сайлауға қатысушы барлық саяси партиялар мен кандидаттарды, сондай-ақ, олардың сайлауалды штабтары мен сенім білдірген адамдарын адал күрес жүргізуге шақырамыз.

«Лас» технологияларды қолданбаулары қажет. Өздерінің үгіт-насихат шараларын ашық, әділ және транспарентті сайлау өткізу үшін тек қазіргі құқықтық алаң аясында жүзеге асыруы тиіс.

Ассамблея атынан сайланатын кандидаттар үшін сайлау ережесі де осы аптада түсіндірілді. Қазіргі күні ассамблея құрамында 446 мүше бар. Егер сайлауға түскен кандидат осы сайлаушылардың 50 пайыз дауысын жинаса, депутат болып сайланады.

Ассамблея атынан кандидаттарды тіркеу 29 ақпан мен 5 наурыз аралығында жүреді. Ал, оларға дауыс беру 21-ші наурыз күні өтеді. Ассамблея сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар сайлау жарнасын төлемейді және сайлау қорын құрмайды. Ал, кандидаттарға дауыс беру Астана қалалық сайлау учаскесінде және Орталық сайлау комиссиясында өтеді.

Татьяна Охлопкова, ҚР ОСК мүшесі:

Әр сайлаушы жеке өзі дауыс береді. Дауыс беру құқығын басқа біреуге беруге, басқа адамдар үшін дауыс беруге болмайды. Дауыс беру және дауыстарды санау аяқталған соң, қалалық сайлау комиссиясы дауыс беру қорытындылары туралы хаттама жасап, қол қояды. Дауыс беруге қатысқан Ассамблея мүшелерінің 50 пайыздан астам дауысын жинаған кандидат сайланды, деп саналады.

Бұдан басқа, Орталық сайлау комиссиясы сайлау бюллетеньдері туралы Қаулы қабылдады. Ол - дауыс беру күні пайдаланатын бюллетеньдердің саны туралы. Бұл жерде айта кетерлігі, «Сайлау туралы» конститутциялық заңға сәйкес бюллетень басып шығаруға сайлаушылардың бір пайыздық резерві қоса есептеледі.

Сонымен, партиялық тізіммен Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы бойынша 9 миллион 889 мың 75 дана бюллетень дайындалады. Ал, мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы бойынша 18 миллион 321 мың 969 дана бюллетень басып шығарылады.

Владимир Фоос, ҚР ОСК төрағасының орынбасары:
Бюллетеньдер мәтіні саяси партия өкілдерімен келісілді. Бұдан басқа сайлау бюллетеньдерінің қорғалу дәрежесі белгіленді. Енді бұл бюллетеньдерді Астана, Алматы қаласы және облыс орталықтарындағы сайлау учаскелеріне уақытылы жеткізу керек. Қаулыдағы осы міндеттерді қадағалау және орындау Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешевке жүктеледі.

Енді осы сайлау бюллетеніне саяси партиялардың реттік тізімін жазу үшін жеребе тасталды. Оған барлық саяси партия өкілдері қатысты. Жеребе өткізу ережесіне сәйкес бірден алтыға дейінгі сандар алты конвертке салынды.

Конверттің іші-сырты, сандардың бір түстілігі барлық қатысушыларға анық көрсетілді. Осыдан кейін таңдау рәсіміне көшті. Ол - сайлауға қатысуға тіркелген партиялардың реті бойынша жүзеге асты. Жеребеге қатысқан әрбір партия өкілі таңдау жасап сайлау бюллетеніне жазылатын реттік сандарын анықтады.

Сонымен, жеребе қорытындысына сәйкес сайлау бюллетеніне ең бірінші болып «Нұр Отан» партиясы жазылады. Қазақстан коммунистер халық партиясы екінші, «Ақ жол» үшінші, «Бірлік» төртінші, ЖСДП бесінші, ал «Ауыл» партиясы тізімге алтыншы жазылатын болды.

Айтпақшы, күштік құрылымдардың қызметкерлері мен судьялар, сайлау комиссияларының мүшелері мен діни бірлестік өкілдері, шетелдік азаматтар мен ұйымдардың сайлауалды үгіт жүргізуіне құқығы жоқ.

Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарына сайлау күні және оған дейінгі бес күнде қоғамдық сауалнама нәтижелерін немесе сайлаудың нәтижелері туралы қандай да бір болжамдар мен зерттеулерді жариялауға тыйым салынады.

Ал, интернет желісінде таратылатын материалдардың авторлығын айқындау мүмкіндігі жоқ жағдайда, олар анонимді болып саналады. Анонимдік материалдарды тарату үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген.

Ләззат Сүлеймен, ҚР ОСК мүшесі:
Біздің ойымызша, Қазақстан сегментіндегі әлеуметтік желілер арқылы азаматтар өзінің ақпарат алуына және оны таратуға қатысты конституциялық құқығын жүзеге асыруына болады.

Өйткені, біз Сайлау туралы заңның 28 бабының 1 тармағына сәйкес сайлау қорын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бірлестіктер, қаржыландыруды қажет етпейтін сайлауалды үгіт жүргізуге құқылы деген бабы осы жерге сәйкес келетінін сіздерге айтқан болатынбыз.


Бұдан бөлек, сайлау күні дауыс беру учаскелерінде қоғамдық сауалнама жүргізуге болмайды және интернеттегі анонимдік материалдарды таратқаны үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Айта кетейік, үгіт-насихат жұмыстары 18 наурыз күні жергілікті уақытпен 24:00-де аяқталады.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу