Басты Жаңалықтар Атырау облысында гемодиализ алатын науқастардың қызметке көңілі толмайды

Атырау облысында гемодиализ алатын науқастардың қызметке көңілі толмайды

Атырау облысында гемодиализ алатын тұрғындардың медициналық қызметке көңілдері толмайды. Өмір үшін күрескен жандар тозығы жеткен қондырғылардың кесірінен жанымызды шүберекке түйіп жүрміз деп шағымданды. Ал бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан науқастардың саны жылдан-жылға көбейіп барады.

Жылыой ауданында бүйрек ауруына шалдығып, гемодиализге тәуелді болған 35 науқас бар. Солардың бірі – Құлсары қаласының тұрғыны Ақнұр Өтенова. 5 жылдан бері орталыққа келіп қанын тазартып отырады.
Ақнұр Өтенова, Құлсары қаласының тұрғыны:
Бұл ең қиын ауру – бауыр жетіспеушілігі деген. Сол үшін бізге тамақ жағынан көмек керек. Аппарат жағынан көмек берсе. Кез-келген уақытта бұзылып қалады. Менің өзімнің түскеніме 5 жыл болды. Соның алдындағы аппараттар бұлар.
- Бұған дейін тамақ берілді ме, сонда?
- Бұған дейін – январьға дейін ішіп келдік. Январьдан бастап тоқтатып тастады.

Бұрын орталықта ем алып жатқан науқастарға арнайы тамақ берілген. Бірақ соңғы бірнеше айда тоқтатылған. Науқас жандар медициналық процедурадан кейін әлсіз күйлерінде үйлеріне қайтуға мәжбүр.
Қуанышқали Өтегенов, гемодиализ орталығының бөлім меңгерушісі:
Күндізгі стационарда тамақ қарастырылмаған. Кухня, пищеблок деген жоқ. Заңда жоқ. Бұған дейін компания өзінің есебінен беріп тұрды қамқорлық есебінде. Қазір енді ондайға жағдай көтермей қалды.
Орталыққа науқастар аптасына 2-3 рет келіп диализ жасатады. Аппарат арқылы сүзілген қан 4 сағатта тазарады. Техника тозғандықтан келушілер 3 ауысымда ем қабылдауға мәжбүр. Бірақ клиника өкілдері «аппараттардың ресурстары бітетін уақыт әлі жеткен жоқ» деп уәж айтты.
Қуанышқали Өтегенов, гемодиализ орталығының бөлім меңгерушісі:
Біздің аппараттар 30 мың сағат жасауға есептелген. Қазіргі уақытта бұлар 20 мыңнан асқан жоқ сағаттары. Арасында аппараттар сынып қалады. Бұзылады, техника ғой қанша дегенмен.
2018 жылдан бері тұрғындарды гемодиализбен қамтамасыз етіп келе жатқан мекеме аппараттарды бірте-бірте жаңартамыз дейді. Жыл аяғына дейін тағы бірнеше жаңа техника жеткізіледі деп сендірді. Ал науқастарды тұрақты тамақпен қамтамасыз ету үшін жеке клиника жергілікті ауруханамен келісімшартқа отыруы тиіс.
Жасұлан Абдрахманов, Жылыой ауданы ауруханасының директоры:
Біздің аудандық ауруханаға қарасты мекеме болмағандықтан ол өздерінің науқастары үшін бізбен келісімшартқа отыруы керек. Сол келісімшарт негізінде біз Диавериум клиникасының науқастарына тамақты көрсетілген график негізінде ұсынатын боламыз. Ал енді келісімшарт жоқ жағдайда мен тамақтандыру мәселесін қарастыра алмаймын.
Науқастар мәселенің заң аясында шұғыл шешілгенін қалайды. Себебі дертке шипа іздеп қалаға қатынауға қауқарымыз жоқ дейді олар.

Бөлісу