Қарағанды облысында дәрігерлер үйі салынып жатыр
Қарағанды облысы Нұра ауданында дәрігерлер үйі салынып жатыр. Жаңа нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріліп, 14 отбасы қоныс тойын тойламақ.
20 мыңнан аса тұрғыны бар Нұра ауданында дәрігер тапшылығы шешіліп келеді. Соңғы екі жылда аудандық ауруханаға 14 дәрігер ауысып келген. Олардың дені жастар. Көбі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келеді. Аудан бойынша әлі де кардиолог, сәулелік диагностика және жалпы практика дәрігері қажет.
Әнел Рахимберлинова, дәрігер:
Биыл оқуымды аяқтап, Нұра ауданына жұмысқа тұрдым. Еңбек жолымды ауылдық жерден бастағым келді. Себебі барлық жағдай жасалған. Бір реттік көмектен бастап, баспанаға дейін қарастырылған. Ең бастысы, ауылдық жерлерде үлкен тәжірибе жинауға болады.
Ауданға қарасты ауылдарда 10 медициналық нысан қолданысқа берілді. Сондай-ақ Нұра кентінде дәрігерлер үйі салынуда. Қос қабатты тұрғын үй құрылысы аяқталуға жақын. Жыл соңына дейін 14 пәтердің кілті табысталмақ. Қазір жаңа жиһаздар сатып алынып, тұрмыстық техникалар орнатылуда.
Урал Мазитов, аудандық аурухана басшысы:
Бұл жерде 14 пәтер дайын тұр. Алдағы уақытта дәрігерлерді орналастыра бастаймыз. Тұрғын үй аурухананың дәл жанында, орталықтан да алыс емес. Мұндай жобалардың арқасында маман тапшылығы азаяды деген үміттеміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
