Елімізде толық мойындалған, халықаралық деңгейде танымал, үш тілде білім беретін, ағылшын тілін өте терең оқытатын, үздіктер мен озықтар топтасқан Назарбаев университетін білесіздер. Сол университетте білім алған алғашқы қарлығаштар түлеп ұшты, осы аптада.
446 шәкірт Назарбаев университетін тәмамдап, диплом алды. Шәкірттерді құттықтау рәсіміне Президент Нұрсұлтан Назарбаев та барды. «Бұл біздің мемлекет бағындырған тағы бір шың!»,-деді Мемлекет басшысы.
Тең-құрбысынан оқуымен озған, білімімен асқан бірнеше үздікке дипломды Президент өзі тапсырды. Назарбаев университеті осыдан 5 жыл бұрын, маусымның 28-і ашылған. Сол кезде Мемлекет басшысы былай деп еді.
5 жыл бұрын осынау оқу ордасына имене кірген аңғырт та албырт бозбала-бойжеткендер бүгінде есейді, алған ілім-білімдерін егемен елдің игілігіне жұмсайды. Енді олар сол кезде сенім артқан Елбасын да, елді де ұятқа қалдырмаулары тиіс.
Негізі мұндай салатанатты Еуропа ия Америка киноларынан ғана көруші едік. Кәдімгі бал. Музыка да, киім де, жүріс-тұрыс тәртібі де, тілі де ағылшын.
Бірақ, барлығы да жарасымды. Бес жыл. 2800 шәкірт. Бакалавр, магистратура және доктарантура. Бағдарламалар жиһанның озық оқу орындарымен бірлесіп түзілген. Жылына кемі 500 шәкірт оқу грантын алады. Назарбаев университеттің бүгінгі келбеті міне осындай.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл еліміздегі білім беру жүйесінің ең айшықты күні. Еліміздегі әлемдік деңгейдегі тұңғыш университет студеттерінің алғашқы легін біз үлкен өмірге шығарып отырмыз. Біз университетті құрғанда өз елімізде әлемдік деңгейдегі мамандар дайындауды жолға қоюды мақсат еткенбіз.
Бүгін сол мақсат толық орындалды. Университет түлектерінің білімі әлемнің ең жоғары оқу орындарының талаптарымен толыға түсті. Бұл менің тікелей бастамаммен, қамқорлығымның нәтижесінде жүзеге асқанын өздеріңіз білесіздер.
Назарбаев университеттің көлемі ұлғайып келеді. Жақында жаңа ғимарат ашылды. 1452 адам сиятын конференц залы бар. Салтанатты рәсім сол жерде өтті. Түбі бұл жерге сырт елдердің үлкен ғалымдарын шақырып лекциялар, маңызды конференциялар өткізу жоспарланған.
Қазір де университеттің ұстаздары мықты. Теориялық білім мен ғылым һәм өндіріс бір арнаға тоғысып, жүйеленген. Президент елдің ертеңгі күші, ертеңгі иесі, жалпы ертеңі бүгінгі жастар екенін тағы да айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жолдың арғы бетінде EXPO-2017 деген ғимараттардың өсіп жатқанын көріп отырсыздар. Дүниежүзілік көрме аяқталғанына кейін бұл жерде дүниежүзілік қаржы орталығын салу туралы Жарлыққа қол қойдым.
Ол әлемнің ең мықты қаржы орталықтарының стандарттарымен жұмыс істейтін болады. Іс қағаздарының барлығы ағылшын тілінде, сот ісін жүргізу ағылшын тілінде болады, орталық отандық экономиканың ең басты локамативінің біріне айналады.
Университеттің жанында мен оны тұрғызғанымның да бір мәнісі бар, оның жұмысын жандандыруға осы университеттің өрендері үлесін қосады, деп сенемін.
446 шәкірт – Назарбаев университетінің бірінші буыны, алғашқы қарлығаштары. Кез-келген оқу орнының беделі мен мерейі сонда оқыған азаматтардың жетістігіне байланысты. Мемлекет басшысы жастарға жақсылық тіледі, ақыл-кеңесін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өмір деген өте қиын нәрсе. Мен оны білемін. Егер де шыңға шығамын деген адамды тікұшақпен көтеріп, шыңның басына алып барып қоя салсаң, ол ана жердегі үрлеп тұрған желге шыдамай өледі.
Егер де өзі тырмысып шығатын болса, күші де денесі де күшейіп барып, шыңның басында қалады. Сондықтан, өз еңбектеріңе сеніңдер, өздеріңе сеніңдер. Барлығы сонда ғана дұрыс болады.
Біз елдің арасындағы тыныштықты сақтауға, мемлекеттің өркендеуіне жұмыс істеп жатырмыз. Сендерге сеніп істеп жатырмыз соның барлығын. Елдің ішкі бірлігін сақтау керек.
Бес жыл бойы үздік оқып, өзгеге үлгі болған шәкірттердің мерейі үстем. Бір шоғыры дипломдарын Президенттің қолынан алды. Мәртебе емес пе? Олардың дені оқуды шет мемлекеттерде әрі қарай тереңдетпек ниетте. Кейбірі елде өндіріске араласады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Баршаларыңды Назарбаев университетін тәмамдағандарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бақытты болыңдар, табысты болыңдар, елге қызмет етіңдер.
Назарбаев университеті шәкірттерін жеті бағыт бойынша оқытқан. Ішкі тәртіпте мектеп аталады. Компьютер ғылымдары, инженерлік механика, робототехника және мехатроника, биологиялық ғылымдар секілді жаңа салаларға сұраныс мықты екен. Кешегі шәкірт бүгін міне, маман.
Әділбек Садықов, Назарбаев университетінің түлегі:
Инженерлік мектепті бітірдім – энергетика саласында. Бұл бес жыл оңай болған жоқ, біздің еліміздің берген мүмкіншілігін қолданып, Назарбаев университетін бітірдік.
Шетелдік мұғалімдердің, шетелдік профессорлардың, шетелдік стандарттарға сай білім алдық. Құдай қаласа, болашақта еліміздің игілігіне осы алған білімімізді қолдануға қолымыздан келгенше еңбек етеміз.
Рауан Сағидолла, Назарбаев университетінің түлегі:
Осы бес жылдың ішінде Елбасының бізге деген қарым-қатынасы, қамқорлығы ерекше болды. Осы үшін Елбасымызға үлкен алғыс білдіремін.
Әнуар Асамиданов, Назарбаев университетінің түлегі:
Мамандығым - машина құрастыру, механикалық инженерия. Өте қуанып тұрмын, қобалжып тұрмын. Бес жылдық еңбегіміз міне. Елбасымыздың атымен ашылған университетті бітіргелі жатырмыз, өте қуаныштымын.
Жәния Оразымбетова, Назарбаев университетінің түлегі:
Біз бұл сәтті бес жыл күттік. Бүгін міне, қолымызға дипломымызды алып отырмыз.
Бірінші түлек, бірінші буын болашаққа қадам басты. Қалайда қазақтың жаңа бір қуатты буыны өсіп келеді.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ