Шетел жаңалықтарына шолу
АҚШ 66 халықаралық ұйымнан шығатынын мәлімдеді
АҚШ 66 халықаралық ұйымнан шығатын болды. Бұйрыққа президент Дональд Трамп қол қойды. Құрама Штаттар бас тартқан мекемелердің қатарында Біріккен Ұлттар Ұйымына кіретін әйелдер ісі, халық саны, миграция, еңбек, климат және тағы басқа мәселелермен айналысатын 31 агенттік бар.
Алеппода мыңдаған адам үйлерін тастап кетті
Сирияның Алеппо қаласында үкімет әскері мен күрдтердің Сирия демократиялық күштері қақтығысып, жергілікті тұрғындар үйлерін тастап кетіп жатыр. Мыңдаған адам қауіпсіз аудандарға бас сауғалаған. Әскери жанжал сейсенбі күні басталып, алты адам қаза тапты.
АҚШ Венесуэланың екі мұнай танкерін басып алды
АҚШ Венесуэланың мұнайын тасымалдайтын екі танкерді басып алды. Олар Солтүстік Атлантика мен Кариб теңізінде ұсталған. Мұны Құрама Штаттар армиясының Еуропадағы әскери қолбасшылығы хабарлады. Танкерлердің бірі «Маринера» деп аталады.
Фермерлер тракторлармен Париж орталығын жапты
Франция фермерлері тракторларымен Париждегі сауда алаңдары мен қала орталығына кіретін жолдарды бұғаттады. Олар МЕРКОСУР ұйымымен еркін сауда келісімін жасауға наразы. Еуроодақ пен МЕРКОСУР арасындағы еркін сауда келісіміне дауыс беру ертең өтеді.
Нидерландыда жүздеген әуе рейсі доғарылды
Қалың қар мен көк мұз солтүстік-батыс Еуропаны әбігерге салды. Амстердамда мыңнан астам жолаушы діттеген жеріне жете алмады. Еуропаның ең қарбалас Схипхол әуежайында сапарлар кестесі алты күн қатарынан өзгерген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы