Басты Жаңалықтар Шорт-трекшілер Олимпиадаға қызу дайындық үстінде

Шорт-трекшілер Олимпиадаға қызу дайындық үстінде

Шорт-трекшілер Милан Олимпиадасында қызу дайындалып жатыр. Министрлік пен жанкүйер де спортшылардан медаль күтеді. Өйткені, байрақты бәсекеге лицензия жеңіп алғандардың ішінде осалы жоқ. Арасында Азия ойындарының жеңімпаздары мен Әлем кубогы, тіпті Әлем чемпионатының жүлдегерлері бар. Санаулы күнде Италияға аттанататын елдің үкілеген үміттерімен әріптесім Асылбек Данияр тілдесіп қайтты.

Олимпиада медаліне басты үміткердің бірі, шорт-тректен команда капитаны - Денис Никиша. Ол үшін өткен екі маусым сәтті болды. Елге тарихи жүлде сыйлады. Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. Дүниежүзінің мықтыларымен бәсекелесіп, байрағымызды көкке көтеріп жүрген атлеттен үміт көп. Бұл оның төртінші Ақ ойыны.

Денис Никиша, Шорт-тректен Ұлттық құрама капитаны:

Бәрі жақсы, жоспардағыдай тыңғылықты дайындалып жатырмыз. 500 метр - Абзал екеуіміздің оң жамбасымызға келетін, ыңғайлы қашықтық болғандықтан, көпшіліктің назары бізде. Медаль күтетіні де белгілі. Қазір бірге жаттығып жатырмыз. Бір-бірімізге әдейі кедергі келтіріп, жарысамыз. Спорт – бұл бәсекелестік. Сондықтан, осындай дайындықтың арқасында Олимпиадада бұрынғыдан да жақсы бабымызда болып, жоғары нәтиже көрсете аламыз.

Жұлдеге үміткер, тағы бір спортшы – Абзал Әжғалиев. Ол да төрт бірдей Олимпиаданың қатысушысы. Нәтижесі мынадай: Сочида бесінші, Кореяда алтыншы, Қытайда төртінші орын алды. Екі жыл үзілістен кейін мұзға оралған отандасымыздың мақсаты: карьерасын олимпиада жүлдесімен аяқтау.

Абзал Әжғалиев, Шорт-тректен Ұлттық құрама мүшесі:

Олимпиада ойындарына қатысатын барлық командалар мен спортшыларға анализ жасап, соларға қатты дайындалып, ең үздік формамен осы Олимпиадаға дайындалып келу. Мен жай ғана өнерімді көрсету үшін бара жатқан жоқпын. Қазақстан халқын қуантқым келеді. Сол себепті бар күш-қуатымды саламын.

Шорт-тректен ел намысын төрт спортшы қорғайды. Әйелдерден: Ольга Тихонова, Яна Хан. Ерлерден: Абзал Әжғалиев пен Денис Никиша. Спортшылар 9 лицензия жеңіп алды. Жекелей және аралас командалық эстафетада бақ сынайды.

Петр Гамидов, Шорт-тректен Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы:

Әлем кубогы кезеңдерінде кім жоғары ұпай жинап, жоғары нәтиже көрсетті соның бәрі лицензияға ие болды. Әр спортшыға, аралас командалық жарысқа бөлек-бөлек назар аударамыз. Кез келген қашықтық біз үшін маңызды. Әрине, командалық аралас эстафетаға басымдық береміз. Ондықтың қатарына енуге мүмкіндігіміз жоғары. Құрама тәжірибелі. Тек жанкүйер емес, біз де жүлде күтеміз.

Әзірге, Қазақстан сопртшылары мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүгіру спортынан 23 жолдама жеңіп алды. Министрлік болжаманша, өзге де спорт түрлерінен тағы 15 лицензия болуы ықтимал. Соңғы жолдамалар қаңтар аяқталғанша үлестіріледі.

Бөлісу