Бас прокуратура ескертеді: Алаяқтар жаңа айлаға көшті
Алаяқтар WhatsApp аккаунтыңызды ұрлап алуы мүмкін. Бас прокуратура интернет алаяқтардың тағы бір айлаға көшкенін ескертеді. Енді олар мессенджердің құпия сөзін хакерлік жолмен біліп алуға тырыспайды. Оның орнына арнайы жүйені қолданатын болған. Схема мынадай: әуелі Facebook не WhatsApp-тың өзінен келген хат ретінде әлдебір сайттарға сілтеме жібереді. Ол хабарлама жалған парақшаларға бағыттайды. Сосын растау үшін деп телефон нөмірі мен код енгізуді ұсынады. Осылайша, автоматты түрде аккаунтыңызға қосылып, WhatsApp-ты ашып алады. Яғни хаттарыңызды оқып, суреттеріңізді көре алады. Сіз туралы ақпарат жинап алғаннан кейін туыстарыңызға жазып, ақша сұрауы мүмкін. Тұрғындар WhatsApp-та бейтаныс нөмірден келген сілтеме арқылы өту қауіпті екенін біле ме? Сұрап көрген едік.
Иә, кей тұрғындар әлі де бейхабар. Бас прокуратура «схеманың ең қауіпті тұсы - смартфон әдеттегідей жұмыс істеп тұрады, пайдаланушы ештеңені байқамайды» дейді. Сондықтан мессенджерге келген хаттарды мұқият зерделеп, бейтаныс нөмірден келген сілтеме арқылы өтпеуге шақырады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы