Басты Жаңалықтар ШҚО-да медицина мамандары жетіспейді

ШҚО-да медицина мамандары жетіспейді

Шығыста қазір 130-дан астам медицина қызметкерінің орны бос тұр. Тіпті облыс орталығы Өскеменнің өзінде және Риддер, Серебрян сияқты шағын шаһарларда білікті дәрігер жетіспейді. Сондықтан облыс басшылығы кадр мәселесін шешудің кешенді жоспарын жасады. Енді осы өңірге отбасымен көшіп келіп қызмет істеуге ниетті дәрігерге баспанамен қоса көтермеақы, ал жас мамандарға 1 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін бір реттік көмек берілмек.

Марат Ахметов Қызылорда облысынан мемлекеттік бағдарламасымен биыл көшіп келді. Қазір шағын шаһар-Сербряндағы аурухананың қабылдау бөлімінде дәрігер. Бірақ емханада маман жетіспегендіктен басқа бөлімдегі науқастарға да көмек көрсетеді. Мемлекеттен берілген көтермақыға баспана сатып алуды қарастырып жүр.

Марат Ахметов, қабылдау бөлімінің дәрігері:

Халқын да, ауа райын да білемін. Отбасыммен келдім. Бала-шағамның бәрі осында. Қызым қазақ мектебінде оқиды, ал үлкен қызым Өскеменде студент.

Серебрян қалалық ауруханасында сол маңдағы 9 ауылдың халқы да емделеді. Алайда қазір 7 дәрігер жетіспейді. Сондықтан науқастар облыс орталығына баруға мәжбүр.

Татьяна Сидорова, Серебрян қаласының тұрғыны:

Мен бір жылда бірнеше рет қалаға баруға мәжбүр болдым. Такси қымбат, кейде жол жабық жатады. Окулист, лор жоқ, хирург енді ғана келіп жатыр. Балалалар дәрігерін табу қиын.

Дәрігер табу қиын екенін халық та, ұлық та біледі. Аурухана басшылығы жас мамандарды қызметке шақырғанымен ешкімнің келігісі жоқ.

Еркін Семейханов, Серебрян қалалық ауруханасының бас дәрігері:

Серебрянск қаласы қалалық статуста болғандықтан бізге дипломмен ауылға бағдарламасы әсер етпейді. Сондықтан үкімет тарапынан көтерме көмектер және жеңілдік кредиттер қарастырылмаған, сондықтан жас маманды тарту қиыншылық тудырады.

Туындаған қиыншылықты реттеу үшін облыс әкімдігі жан-жақты кешенді бағдарлама әзірлеп жатыр.

Айнаш Қапанова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Облыс әкімі мәслихат арқылы Өскемен қаласына және моноқалаларға келетін мамандарға дәрігерлерге 5 млн, ал орта білімді медициналық қызметкерлерге 1 млн бергелі отыр. Бұл жоба қазіргі кезде талқыланып жатыр.

Медицина саласындағы кадр тапшылығын жоюға қатысты өңірлік бағдарламаны енді әділет пен денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаса, саладағы түйткілдің түйіні тарқайды деген үміт бар.

Бөлісу