Астанада «Менің Қазақстаным» республикалық фестивалінің қалалық кезеңі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Менің Қазақстаным» республикалық фестивалінің қалалық кезеңі өтті

25.01.2015
Астанада «Менің Қазақстаным» республикалық фестивалінің қалалық кезеңі өтті

«Бетеге кетсе - бел қалар,  бектер кетсе - ел қалар, берекең кетсе - нең қалар?!». Бүлікке ілесіп, ішінен іріп жатқан, ұлыс пен ұлысты шағыстырып, бір-бірін қырып жатқан талай елді көріп жүрміз. Байлық дегеніңіз - елдің ынтымағы.

Астанада Ассамблея жылына арналған «Менің Қазақстаным» республикалық фестивалінің қалалық кезеңі өтті. Бұл шара Ассамблеяның мерейтойына орайластырылған биылғы жылға жоспарланған іс-шаралардың бірі.

Фестивальге елордадағы этномәдени бірлестіктердің өнер ұжымдары қатысты. Олар қалалық филармонияның халықтық аспаптарының сүйемелдеуімен мемлекеттік тілде әндер шырқады.

Бүгінде Астанада 24 этномәдени бірлестік бар. Байқауға 18 орталық қатысты. «1 наурызда ассамблеяның ашық есік күндері өтеді, онда барлық этномәдени бірлестіктер жетістіктерін жұртқа паш етеді», дейді ұйымдастырушылар.

«Менің Қазақстаным» қалалық байқауының жеңімпаздары республикалық фестивальде бақ сынайтын болады.

Астанадағы этномәдени бірлестік мүшелері қазақ әндерін жаттап қана қоймай, өз орталарында насихаттап та жүр. Беларусь мәдени орталығының мүшесі Тамара Батрак қазақ әндерін тарихи отанына барып орындап беріпті. «Қазақтың әуезді әніне бәрі қызығады», дейді.

Тамара Батрак, «Радима» беларусь мәдени орталығының мүшесі:

Қазақ әндері беларусьтерге де ұнайды. Ол жақта «Махаббат туралы әндер» конкурсы өткенде, Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін орындап бердім. Қазір ол жақтағылар да осы әнді үйреніп жатыр. Мен оларға Шәмші – қазақ вальсінің королі екенін айтып бердім. Менің отбасым, бала-шағам осында. Қазақстанда еш таршылық көріп отырған жоқпыз. Бұл менің екінші үйім. Екі жүрегім бар, бірі – Беларусь болса, бірі – Қазақстан.

Шәмші әнін орындап жатқан тағы бір топ – татар-башқұрт орталығының ансамблі. Ассамблея жылына орай репертуарларын да, костюмдерін де жаңартыпты.

Гүлжихан Гениятова, «Тан» татар-башқұр орталығының мүшесі:

Қазақстанда 1947 жылдан бері тұрамын. Осы Астананың өзінде 50 жыл тұрамын. Қазақтың дәстүрлері бәрі ұқсайды, ет болсын, бауырсақ болсын. Әсіресе, ауылда тұрғанда қымыз ұнайтын маған.

Гүлжихан Гениятова - 77 жаста. Елдегі тыныштық пен тұрақтылыққа шүкір, дейді. Аз ұлыстарға тілін-ділін ұмытпау үшін бір-бір орталықтан ашып берген ел билігіне разы. «Қазақ әндерін жаттау түбі бір түркі жұртына қиын емес», дейді ол. Ал украин орталығы «Арыстың жағасындағы» әнді 3 тілде орындап шықты.

Елена Шестокова, «Оберег» украин қоғамының мүшесі:

Бұл Шәмші Қалдаяқовтың өте танымал әні. Бірінші шумағын қазақша, екіншісін орысша, үшінші шумағын украин тілінде орындаймыз. Осылайша тілге деген құрметімізді көрсеткіміз келеді. Қазақ жерінде тұрғандықтан қазақ тілін де үйреніп жатырмыз.

Қазақ әндерінің қай-қайсысы да әдемі. Тек мәнін түсініп, жүрекпен орындаса.  «Дудар-айды» шырқап тұрған неміс қауымдастығының өкілі Константин Ермоленко. Тыңдаңызшы, қай қазақтан кем. Бірақ, ол өзін неміс ұлтының өкілімін деп есептемейді.

Константин Ермоленко, «Возрождение» неміс қауымдастығының мүшесі:

Менде  бірнеше ұлттың украин, неміс, орыстың қаны бар. Солай бола тұра өзімді қазақ ретінде сезінемін. Өйткені, мен елімнің патриотымын. Қазақстанды сүйемін!

Этномәдени бірлестік өкілдері қазақ тілін оқуға да ден қойыпты. Біразы қазақша жақсы біледі. Ешкім мәжбүрлемесе де, бұл заман талабы дейді, әзірбайжан қызы Нэйла.

Нэйла Гулиева, «Хазар» әзірбайжан мәдени орталығының мүшесі:

Мен қазір қазақ тілін үйреніп жүрмін. Өз білгенімді қызыма да үйретудемін. Алда үлкен мереке - Қазақ хандығының 550 жылдығы келе жатыр. Сол жиында қазақ тілінде акцентсіз ән шырқағым келеді.

Сахнаға кезегімен шығып жатқан әншілер әр нөмір сайын таңдандырды. Қырғыз қызы қазақтың «Сарыжайлауын» аңсаса, болгар жігіті «Көктемді шақырып», шешен қызы «Асыл әжесін» сағынды.

73 жастағы татар әншісі «Он алты қызды», ал байқаудың ең жас қатысушысы армян қызы – «Ауылға сағынышын» жеткізді. Бізді қуантқаны, ыждаһатты дайындық пен қазақ тіліне деген құрметтің артқаны.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу