АҚШ президенті Дональд Трамп әлемнің ең үлкен аралы - Гренландия сатылмайтын болғандықтан, Данияға жоспарланған сапарын доғарды. Мұның алдында Дания премьер-министрі Метте Фредериксон мәлімдеме жасап, Гренландияны Вашингтонға сату мәселесін талқылауға ниетті еместігін ескертті. Ол Трамптың бұл туралы ұсынысын сандырақ деп атады.
Содан кейін Ақ үй басшысы Twitter-дегі парақшасында Копенгагенге қыркүйекте бармайтынын хабарлады.
Гренландия Солтүстік Атлантика мен Арктиканың ортасында орналасқан. Оған мол табиғи ресурстары мен стратегиялық орны үшін бүгінде Америка ғана емес, Қытай мен Ресей тәрізді державалар да көз тігіп отыр.
Айта кетсек, 1917 жылы Дания үкіметі Құрама Штаттарға қазіргі Вирджин аралдарын 25 миллион долларға сатқан еді.
Арыстан РЫСБЕК