Талдықорғанда жаңа денсаулық сақтау нысаны ашылды
Елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға басымдық беріліп келеді. Соңғы жеті жылда ел бойынша 1 300-ге жуық медициналық нысан салынды. Оның 95 пайызы ауылды аймақтарда бой көтерген. Өңір орталықтарында да медициналық инфрақұрылым жаңарып жатыр. Сондай нысандардың бірі Республика күні қарсаңында Талдықорғанда ашылды.
Еңсесі биік бұл нысан алғашында сот ғимараты ретінде салынған. Алайда басымдық денсаулық сақтау саласына беріліп, ғимарат бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емханаға айналды. Енді іргедегі 50 мыңға жуық тұрғын басы ауырып, балтыры сыздаса, көмекті осы жерден алады. Халқы ұдайы өсіп келе жатқан Талдықорғанға мұндай заманауи емхананың қажеті де анық еді.
Дәрібек Қарабасов, тұрғын:
Бұл емхана жақын маңдағы шағын аудандардың тұрғындарына өте ыңғайлы болады. Қалада жаңа шағын аудандар салынып, халық саны артып келеді. Сондықтан облыс орталығына осындай заманауи емхана қажет еді. Енді осы қажеттілік өтеліп, халық үшін игі іс атқарылып жатыр.
Емхана заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда диагностикалық зертхана мен бейінді мамандар кабинеттері бар. Талдықорғанда алғаш рет науқастар шағын операцияларды ауруханада ұзақ уақыт жатпай-ақ жасата алады. Мұның бәрі тұрғындарға қажетті медициналық көмекті бір жерден алып, уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сәуле Құсмолданова, қалалық №3 емхананың директоры:
Талдықорған үшін бұл – маңызды жаңалық. Әсіресе, амбулаториялық хирургияның ашылуы тұрғындарға үлкен мүмкіндік береді. Бұған қоса, заманауи диагностикалық құрылғылардың ортақ жүйеге қосылуы дәрігерлердің өзара ақпарат алмасуына және науқастың жағдайын тиімді бақылауына жол ашады.
Айта кетейік, Жетісу облысында соңғы төрт жылда 149 медициналық нысан салынды. Оның 60-қа жуығы ауыл тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған ұлттық жоба аясында бой көтерді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы