Ақмола облысындағы бөбекжайда 7 шеберхана ашылды
Ақмола облысының Атбасар қаласындағы «Алтын бесік» бөбекжайында бүлдіршіндерді ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу қолға алынған. Онда ата-аналар мен тәрбиешілердің көмегімен 7 бірдей шеберхана жұмыс істеп тұр.
4-5 жасар бүлдіршіндер мұнда тігін тігу, аспаздық өнер, құрылыс пен инженерліктің әліппесін меңгереді. Өскенде өрт сөндіруші болғысы келетін балақайларды да ойын арқылы шыңдау ойластырылған. Әр шеберхана нағыз шығармашылық орталығындай жабдықталған.
Айтолқын Марат, мектепалды тобының тәрбиеленушісі:
Мен ертең өскенде болам аспазшы, тәтті бәліштер істейтін боламын.
Бөбекжай педагогтары Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен қолға алынған пилоттық жобаға үлкен жауапкершілікпен кіріскен. Әр бөлмені өз күшімен жабдықтап, безендірген.
Айна Байғазина, Атбасар қаласындағы «Алтын бесік» бөбекжайының әдіскері:
Осы жобаның мақсаты – балаларды ерте жастан еңбекке баулу және мамандықтармен таныстыру және еңбекке қызығушылықтарын арттыру. Жобада қатысатын балалар – 4-5 жастағы ересек және мектепалды топтар. Ата-аналар мен педагогтардың өз қолымен жасалған дүниелер.
Балаларды ерте жастан еңбекке баулу ісінде асқан шеберлік танытқан бөбекжай меңгерушісі Жанаргүл Толғамбаева биыл Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған. Педагогика саласында 30 жылдан аса еңбек ететін ол «тәрбиеші – ата-ана – бала» арасындағы байланысты мықтап ұстап отыр.
Жанаргүл Толғамбаева, Атбасар қаласындағы «Алтын бесік» бөбекжайының меңгерушісі:
Ең бастысы, бұл шеберханалардың ашылып, жұмыс істеп тұрғанына ата-аналар риза. Біздің балабақшада әжелер мектебі, әкелер мен аналар мектебі бар. Бүлдіршіндеріміз өз қолымен дайындаған тәтті тоқаштарын ата-аналармен болған кездесуде оларға ауыз тигізіп тұрады.
Мұндай шеберханалар Атбасар қаласындағы жұмысшы мамандарын дайындайтын жалғыз оқу орнында да бар. Аграрлық-индустриялық колледжінде 13 мамандық бойынша 600-ге тарта студент оқиды. Шаштараз, тігін цехы мен аспазшы шеберханаларында студенттер шеберліктерін шыңдап қана қоймай, шынайы тапсырыстар қабылдап, табыс таба алады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы