Қытай үкіметі Гонконгтегі үкіметке қарсы шерулерді сынауды күшейтіп, одан «терроризмнің нышанын» көріп отырғанын мәлімдеді. Сонымен Бейжіңдегі билік бұл демонстрацияларға қарсы қатаң шара қажет деп ескертті. Мұны бүгін елдің Гонконг және Макао жөніндегі кеңсесі хабарлады.
Гонконг полициясы метрода демонстранттармен қақтығыс кезінде көзді жасаурататын газбен бірге резина оқ атты. Куәгерлердің айтуынша, бір әйел қатты жараланған. Ол көзінен айрылуы мүмкін. Арнайы күштердің шерушілерді атқаны «Тай Ку» станциясында бейнекамераға түскен. Қазір мұндай акциялар Гонконгтің халықаралық әуежайында да өтіп жатыр. Онда әуе рейстері түгелдей доғарылған.
Бұл арнайы әкімшілік ауданда қылмысты деп танылған адамдарды Қытайға және өзге елдерге экстрадициялауға қарсы манифестациялар он апта бұрын басталды. Осыған байланысты даулы құжатты қарау тоқтатылды. Бірақ демонстранттар оны күн тәртібінен мүлде алып тастауды талап етіп жатыр.
Британияның бұрынғы отары Гонконг Қытайға 1997 жылы қайтарылды. Сол кездегі келісім бойынша, Бейжіңдегі коммунистік үкімет бұл аралдың саяси және экономикалық құрылымын өзгертпеуге уәде берген еді.
Арыстан РЫСБЕК