Йеменнің экономикалық астанасы – Аденде соңғы бірнеше күнде болған қарулы қақтығыстардан кемінде 40 адам мерт болып, 200-ден астамы жараланды. Бұл турасында бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының Гуманитарлық көмек жөніндегі үйлестірушісі Лид Гранде таратқан мәлімдемеде айтылған.
Аденде әскери жанжалдар бейсенбі күні басталды. Ал сенбіде оңтүстікйемендік сепаратистер қаладағы әскери базалар мен мемлекеттік мекемелерді және әл-Маашик атты президенттік сарайды басып алды. Саудиялық күштер қаланың батысына ығысуға мәжбүр болды.
Жексенбі күні Сауд Арабиясы бастаған коалиция сепаратистердің Адендегі позицияларына соққы берді. Содан кейін олардың лидері Айдарус әз-Зубейди атысты тоқтатып, әр-Риядта қарсыластарымен келіссөз жүргізуге келіскен.
Арыстан РЫСБЕК