Кашмирдегі жағдайға байланысты халық Үндістан билігіне қарсы наразылық білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кашмирдегі жағдайға байланысты халық Үндістан билігіне қарсы наразылық білдірді

09.08.2019

Кашмирдің пәкістандық бөлігінің астанасында Үндістанға қарсы шеру өтті. Мұзаффарабад қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының кеңсесінің жанына жиналған студенттер мен көшелерге шыққан халық Кашмирдің автономиялық мәртебесінен айрылуына наразылық білдірді.

Осы аптада Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің ұлшыл үкіметі негізінен мұсылмандар тұратын бұл штаттың ерекше конституциялық мәртебесін жойып, елдің өзге штаттарының тұрғындарына Кашмирден жылжымайтын мүлік  сатып алуға рұқсат берді. Бұған ашынған Пәкістан жергілікті халықтың құқығын қорғау үшін күрес жүргізетінін ескертті. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерреш екі ядролық мемлекетті Кашмирдің арнайы мәртебесіне кері әсер ететін қадамдардан бас тартуға шақырды.

Айта кетсек, Үндістан да, Пәкістан да бұл аймақты тұтастай өз жері деп есептейді. Екі ел осыған дейін Кашмир үшін екі рет соғысып, одан мыңдаған адам қаза тапты.

Арыстан РЫСБЕК

 

Хабарламаларға жазылу