«Үлкен жиырмалық» саммитінде Ресей мен АҚШ-қа қатысты бірнеше мәлімдеме айтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Үлкен жиырмалық» саммитінде Ресей мен АҚШ-қа қатысты бірнеше мәлімдеме айтылды

28.06.2019

Бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның ресейлік әріптесі Владимир Путин Жапонияның Осакасында өтіп жатқан «Үлкен жиырмалық» саммитінде кездесті. Онда Ақ үйдің қожайыны Кремль басшысына «Сайлауға араласпа» деп тікелей өтініш айтты. Путин Трампқа жымиып қана жауап берген.

Америка барлаушылары Ресей хакерлік шабуылдар мен жалған ақпарат арқылы 2016 жылы Құрама Штаттарда өткен президенттік сайлауға ықпал етіп, Трамптың билікке келуіне көмектесті деп есептейді. Алайда, АҚШ-та арнайы прокурор Роберт Мюллер екі жыл бойы жүргізген тергеу бұған дәлел таппады.

Айта кетсек, Трамп пен Путин соңғы рет былтыр шілдеде Хельсинкиде жүздесті. Вашингтон мен Мәскеудің Иран, Сирия, Украина, Венесуэла проблемаларына қатысты позициялары бір-біріне қарама-қайшы.

Ал, Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Путинді Британия мен оның одақтастарына қауіп төндіретін жауапсыз, әрі тұрақсыздандыру әрекеттерін доғаруға шақырды.

Біріккен Корольдік пен Ресей қатынастары былтыр Британияның Солсбери қаласында ресейлік бұрынғы барлаушы Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлия химиялық шабуылға ұшырағаннан кейін тіпті нашарлады. Алайда, Кремль ол оқиғаға өзінің қатысы жоқ екенін мәлімдеп келеді.

 

Арыстан РЫСБЕК

 

Хабарламаларға жазылу