Бүгін Үндістанның шығыс жағалауына «Фани» циклоны соққы берді. Сағатына 205 шақырым жылдамдықпен жеткен дауылдың екпінінен теңізде алып толқын көтеріліп, талай тасбақа су жағасына шығып қалған. Мұны бірер сағат бұрын «Рейтер» агенттігі хабарлады.
Циклоннан азаматтар арасында құрбан болғандар туралы мәлімет түспеген. Жергілікті үкімет 1 миллион 200 мыңдай тұрғынды 24 сағаттың ішінде қауіпсіз жерге көшіріп үлгерген.
Үндістан метеорологиялық департаментінің хабарлауынша, «Фани» елдің Одиша штатына жергілікті уақытпен таңғы сағат 8-де жетті. Одан ағаштар құлап, көліктер аударылып, үйлердің шатыры үшып, электр сымдары үзілген.
Циклон қаупіне байланысты мектептер мен колледждер және бір әуежай жабылды. Сонымен қатар, штатқа жүздеген дәрігер мен медициналық қызметкер жіберілген. Айта кетсек, 1999 жылы бұл штатта аса қуатты циклоннан 10 мың адам мерт болған еді. Дегенмен, ауа-райын болжау қызметі жетілдірілгендіктен, 2013 жылы «Файлин» циклонынан 50-дей адам қаза тапқан.
Арыстан РЫСБЕК