Путин-Ким саммиті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Путин-Ким саммиті өтті

25.04.2019

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын мен Ресей президенті Владимир Путин екіжақты қатынастарды күшейтуге келісті. Екі басшы Владивостокта бір-біріне үлкен қошемет білдіріп, Корей түбегін ядролық қарудан тазарту мәселесін талқылаған. Путин-Ким саммиті алғаш рет өтті. Онда Кремль басшысы Кимнің АҚШ-пен арадағы қатынастарды жақсарту әрекетін қолдайтынын мәлімдеді.

Кейбір сарапшылардың ойынша, Солтүстік Корея көсемі осы келіссөздер арқылы АҚШ-қа үлкен одақтасы бар екенін көрсеткісі келеді. Ал, Ресей үшін бұл саммит - жаһандық дипломатиялық ойыншы екенін паш ететін мүмкіндік. Дегенмен, Мәскеу де Қытай мен Америка тәрізді Солтүстік Кореяның ядролық мемлекетке айналғанын қаламайды. Өзге бір болжамдарға қарағанда, халықаралық санкциялар жанына батып, валюталық резерві таусылуға айналған Пхеньян Ресейден экономикалық көмек алудан үмітті.

Айта кетсек, биыл ақпанда Ханойда Трамп-Ким саммиті сәтсіз аяқталып, Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды жеңілдетудің сәті түспеген еді.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу