НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг АҚШ Конгресінде сөз сөйледі. Оның мәлімдеуінше, Солтүстікатлантикалық альянс Еуропада құрлықтық ядролық ракета орналастыруды көздеп отырған жоқ. Бірақ НАТО қауіпке сенімді әрі тиімді жауап беруге мән беріп отыр.
Тағы бір сөзінде Бас хатшы Ресей мен АҚШ-тың 1987 жылы қол қойылған орта қашықтыққа арналған ядролық күштер туралы келісімнен шығу туралы шешімдеріне тоқталды. Столтенбергтің сөзінше, Америка Еуропаға ядролық зымыран шоғырландырған жоқ, сондықтан Мәскеу аталған пәтуаға уақыт оздырмай қайта оралуы тиіс. «Бізге жаңа қырғи-қабақ соғыс қажет емес. Алайда, бұл мәселеде аңқау болмауымыз керек»,-дейді НАТО жетекшісі. Дегенмен, Кремльдің мәлімдеуінше, АҚШ ядролық келісімді өзі бұзып, Еуропаның Румыния сияқты елдеріне ядролық зымыранмен жабдықтауға болатын ракеталық шабуылға қарсы қондырғы орнатқан.
Столтенбергтің тағы бір мәлімдемесіне қарағанда, бүгінде НАТО елдері қорғанысқа қосымша миллиардтаған доллар бөліп жатыр.
Арыстан РЫСБЕК