Анкарада жеңіске жеткен оппозиция Стамбұлда да алда келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Анкарада жеңіске жеткен оппозиция Стамбұлда да алда келеді

01.04.2019

Түркияда өткен муниципиалдық сайлау нәтижесінде ел астанасы Анкарада жеңіске жеткен оппозиция Стамбұлда да алда келеді.

Президент Реджеп Тайып Ердоғанның Әділет және даму партиясынан Стамбұлдың мэрі лауазымы үшін экс-премьер Бинали Йылдырым бақ сынады. Ал, оппозициялық Республикалық халық партиясының мүшесі Екрем Имамоғлы оның сайлаудағы негізгі қалсыласы болды.

Ердоғанның партиясы 16 жыл бойы билік етіп, жоғары экономикалық өсімнің нәтижесінде халықтың басым бөлігінің қолдауына ие болды. Бірақ, былтыр ұлттық валюта лира 30 пайызға құлдырып, инфляция деңгейі 20 пайызға жетіп, азық-түлік бағасы шарықтап, жұмыссыздар көбейді. Ал, биыл наурызда түрік экономикасының тіпті рецессияға енгені белгілі болды.

Жексенбі күні өткен жергілікті сайлауға 57 миллионнан астам адам тіркелді. Азаматтар 30 ірі шаһардың, 51 провинция астанасының және 922 ауданның жаңа басшылары үшін дауыс берді. Дегенмен, ең ірі қала Стамбұл мэрі лауазымы үшін бәсекеге түскен Имамоғлы да, Йылдырым да жеңіске жеткенін мәлімдеген-ді. Алайда, сайлау комиссиясы Имамоғлының ғана алға шыққанын растап отыр.

Сади Гүвен, Жоғарғы сайлау органының төрағасы:

Осы сағатқа келіп түскен мәліметке қарағанда, Екрем Имамоғлыға 4 миллион 159 мың 650 дауыс берілген. Ал, Бинали Йылдырымда  4 миллион 131 мың 761 дауыс. Аппеляциялық процесс  жалғасып жатыр.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу