Сегіз «Брексит» нұсқасы қабылданбады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сегіз «Брексит» нұсқасы қабылданбады

28.03.2019

Ұлыбритания парламенті елді Еуропа одағынан шығару туралы «Брексит» келісімінің сегіз нұсқасын қабылдамай тастады. Ол құжаттар одақтан үзілді-кесілді ажырасудан бастап,  бұл процесті тоқтатуға дейінгі мәселелерді қамтыған. 

Жыл басынан бері қауымдар палатасы премьер-министр Тереза Мэй ұсынған екі жобаға қарсы дауыс берді. Егер сол келісімдерді депутаттар қабылдайтын болса, үкімет басшысы отставкаға кетуге уәде берді.

Ұлыбритания Еуропа одағынан ертең шығуы керек. Алайда, тараптардың болашақ қатынастары туралы пәтуа әлі дайын емес.

Брюссель Лондонға сәуірдің 12-іне дейін уақыт берді. Оған дейін британ парламенті «Брексит» келісімін мақұлдамайтын болса, Біріккен Корольдік одақтан ешқандай ережесіз кетуі мүмкін. Алайда, бұған да одақтың келісімі  қажет.

Айта кетсек, британ депутаттарының көбіне ел Еуропа одағынан кеткеннен кейін Солтүстік Ирландияның одақтың кедендік кеңістігінде қалып қою мүмкіндігі ұнамай отыр.

Арыстан РЫСБЕК

 

Хабарламаларға жазылу