Брексит жобасы парламенттен тағы өтпеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брексит жобасы парламенттен тағы өтпеді

13.03.2019

Ұлыбританияның Еуропа Одағымен ажырасуына 16 күн ғана ғалды. Бірақ олардың болашақ қатынастары туралы келісім жобасы әлі дайын емес. Ал, бар жобаға британ парламенті тағы да қарсы дауыс берді. Өйткені қауымдар палатасының депутаттарына Солтүстік Ирландияның одақтың кедендік кеңістігінде қалу перспективасы ұнамаған. Енді Лондон Брюссельден Брекситті кейінге қалдыруды сұрауы мүмкін.

Сейсенбінің кешінде британ премьер-министрі Терезе Мэй парламентте ойсырай жеңіліске ұшырады: ол Брюссельмен келісіп алып келген Брексит жобасына қауымдар палатасындағы депутаттардың үштен екі бөлігі қарсы дауыс берді. Олардың қатарында Мэйдің партияластары бар.

Содан кейін үкімет басшысы сөз сөйлеп, бүгін парламентке Ұлыбританияны Еуропа Одағынан келісімсіз шығару мәселесін дауысқа салуды ұсынатынын мәлімдеді. Жыл басынан бері осымен екінші рет халық қалаулыларынан қолдау таппай, тауы шағылған Мэйде дәл қазір өкінгеннен басқа амал қалған жоқ.

Тереза Мэй, Ұлырбритания премьер-министрі:

- Мен түнде қауымдар палатасы қабылдаған шешім үшін үлкен өкініш білдіремін. Бірақ Біріккен Корольдікті Еуропа одағынан тәртіппен, келісіммен шығарамыз деп сенгім келеді. Ал, келіссөздерге арқау болған қолдағы құжатты ең жақсы пәтуа деп есептеймін.

Бірақ премьер-министр «ең жақсы пәтуа» деген келісім жобасы депутаттардың көбінің көңілінен шықпады. Өйткені бұл құжат қабылданып кетсе, Лондон мен Брюссель арасында шекара мәселесі бойынша келіссөздер әрі қарай жалғасады. Бірақ сол келіссөздер сәтсіз аяқталатын болса, Корольдік құрамындағы Солтүстік Ирландия Еуропа Одағының кедендік кеңістігінде қалып қояды деген қауіп бар. Мэйдің қарсыластарының ойынша, бұған келісу – территориядан айрылуды білдіреді.

Алайда, Еуропа комиссиясының төрағасы Жан-Клод Юнкер британ премьерімен келісіліген Брексит жобасын қайта талқылауға, яғни, Лондонға жаңа пәтуа ұсынуға қарсы.

Жан-Клод Юнкер, Еуропа комиссиясының президенті:

- Саясатта кейде екінші мүмкіндік беріледі. Біз сол мүмкіндікті ұсындық. Үшінші рет болмайды. Жоба әрі қарай талданбайды және кепілдіктердің үстіне тағы кепілдіктер бере алмаймыз.

Ұлыбритания Еуропа Одағынан наурыздың 29-ында шығуы керек. Бірақ барлық болжамдарға қарағанда, бүгін қауымдар палатасы корольдікті одақпен келісімсіз ажырастыруға да қарсы дауыс беруі мүмкін. Мұндай жағдайда депутаттар ертең министрлер кабинетіне одақтан бөліну мерзімін кейінге қалдыру туралы Брюссельге өтініш жасауды тапсыруы керек.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу