Журналист Джамаль Хашоггиді өлтіргендерді жаза күтіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Журналист Джамаль Хашоггиді өлтіргендерді жаза күтіп тұр

25.10.2018

Журналист Джамаль Хашоггидің өліміне айыптылар жазаға тартылады. Сауд Арабиясының ханзадасы Мұхамед бин Салман осылай деп мәлімдеді. Тақ мұрагері әр-Риядта өтіп жатқан инвестициялық конференцияда журналистің өліміне қатысты көпшілік алдында алғаш рет сөз сөйледі. Сонымен қатар, ханзада Саудия мен Түркия осы оқиғада нәтижеге жету үшін бірлесе жұмыс істейтінін мәлімдеді.

2017 жылдан бері АҚШ-та тұрып, «Вашингтон пост» газетіне король әулетін сынайтын мақалалар  жазып келген Джамаль Хашогги қазанның 2-нен бері үшті-күйлі жоғалып кетті. Ол сол күні Стамбулдағы Саудия консулдығы ғимаратына кіріп, кері шыққан жоқ. Кейін Корольдік журналистің консулдықта төбелестен қаза тапқанын мойындады. Ал, оның денесі әлі күнге дейін табылған жоқ. Дегенмен, Түркияның бір саясаткері марқұмның денесі Сауд Арабиясының Стамбулдағы бас консулының резиденциясы аумағындағы құдықтан табылды деп мәлімдеді. Дегенмен, бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу