АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен Анкарада кездесті. Күн тәртібі - саудиялық журналист Джамаль Хашоггидің ізім-ғайып жоғалып кетуіне қатысты тергеу барысын талқылау. Бұған дейін Помпео әр-Риядта болып, онда Саудия королі және тақ мұрагерімен кездескен еді. Сонымен бірге, дипломат Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглымен жоғарыда аталған мәселе бойынша жүздесті.
АҚШ-та тұрып, Сауд Арабиясы король әулетін сынап келген Джамаль Хашогги қазанның 2-де корольдіктің Стамбулдағы консулдығына кіргеннен кейін, із-түзсіз жоғалып кетті. Түркия билігі журналист азапталып өлтірілді, сосын оның денесі ғимараттан шығарылды деп есептейді. Дегенмен, бұл жорамалды Саудия жағы жоққа шығарып отыр.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ