Түрік билігінің пікірінше, қазанның 2-нен бері ұшты-күйлі жоғалып кеткен саудиялық журналист Джамал Хашогги корольдіктің Стамбулдағы бас консулдығы аумағында өлтірілген болуы мүмкін. Ал, Эр-Рияд бұл жорамалды жоққа шығарып отыр. Сауд Арабиясы билігін сынайтын мақалалар жазып келген Джамал Хашогги өткен сейсенбіде әйелімен ажырасу туралы құжаттарын алу үшін бас консулдыққа барған. Ал, оны далада қалыңдығы күтіп тұрады. Ғимаратқа кірерде Хашогги қобалжулы болып, қалыңдығына өзі ұзақ уақыт шықпаса, түрік билігімен байланысу қажеттігін де айтқан екен. Сол уақыттан бері журналистті табу мүмкін болмай отыр. Ал, Саудия консулдығы өкілдері болса, оның көп ұзамай ғимараттан шығып кеткенін мәлімдеді. Дегенмен, «Нью-Йорк Таймс» газетінің хабарлауынша, бейнебақылау камераларының Хашоггидің мекемеден өздігінен кетпегенін көрсеткен. АҚШ мемлекеттік департаменті журналисттің жоғалуына қатысты алаңдаушылық білдірді. 59 жастағы Джамал Хашогги Саудиядан кеткеннен кейін Құрама Штаттарға барып, «Уошингтон Пост» газетіне мақалалар жазып келген еді.
Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.