Өткен сенбінің кешінде Мәскеудің қақ ортасында такси жүргізушісі тротуарда келе жатқан 7 кісіні қағып кетті. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Алайда, оқыс оқиғаның кесірінен 7 адам түрлі дене жарақатын алды. Олар: Ресей, Әзірбайжан және Украина азаматтары мен футболдан Әлем чемпионатына келген мексикалық жанкүйерлер.
Жайбарақат келе жатқан жаяу жүргіншілерді жайпап өткен таксист оқиға орнынан бірден қаша жөнелгенімен, көп кешікпей ұсталды. Ол - Қырғызстанда туған 28 жастағы Чынгыз Анарбекуулу. Күдікті полицейлерге «адамдарды әдейі қақпағанын, сол күні жұмысқа шығар алдында 3 сағат қана ұйықтап, 20 сағат бойы көлік жүргізгенін» айтқан.
Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр. Апат Кремльдің тап іргесіндегі Ильинка көшесінде болды. Естеріңізге сала кетейік, Ресей тарапы бұған дейін футболдан Әлем чемпионатын барынша қауіпсіз өткізетінін мәлімдеген.
Чынгыз Анарбек Уулу, таксист:
- Қалай болғанын өзім де білмей қалдым. Тежегішті басқым келген. Сол кезде 1 секундтай қалғып кеттім. Сөйтсем, тежегішті емес, газды басыппын. Кейін машина тоқтаған кезде елдер жан-жақтан жүгіріп келіп, мені ұрып-соға бастады. Қорыққанымнан тұра қаштым. Өйткені, бір топ адам мені тепкілеп өлтіретін шығар дедім.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.