Жаңаөзенде 400 бала тегін үйірмелерге қатысуда
Жаңаөзен қаласындағы «Болашақ сарайында» 400-ге жуық бала үйірмелерге тегін қатысып, түрлі бағытта білім алып жатыр. Жобаны Мемлекет басшысының тапсырмасымен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жүзеге асырды. Орталықта оқушылардың бос уақытын тиімді өткізіп, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға барлық жағдай жасалған.
«Болашақ сарайы» жыл басынан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде Жаңаөзендегі 400-ге жуық баланың білім алып, шығармашылық қабілетін шыңдайтын сүйікті орталығына айналған. Мұнда вокал, қолөнер, хореография, көркем гимнастика, шахмат, шет тілі, физика және робототехника үйірмелері жұмыс істейді.
Назерке Орынбасарова, оқушы:
Мен шахматты шамамен екі жылдай ойнаймын. Ал «Болашақ сарайына» ашылғаннан бері шахматқа келіп жүрмін. Маған осы сарай өте ұнайды, жайлы, атмосферасы күшті.
Сафия Нұрнияз, оқушы:
Мен бұл қолөнер үйірмесіне келгеніме бір ай уақыт болды. Мен бұл бір айда 2 сумка тоқып үлгердім. Біріншісі осындай тойға ұстайтын сумка ал, екіншісі сотка салатын сумка тоқып үлгердім.
Орталықтың жалпы ауданы 3 мың шаршы метрден асады. Ғимарат қажетті технологиялық және компьютерлік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта классикалық және халықтық аспаптар, тігін және дизайн үйірмелері ашылмақ.
Лаура Нышантаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Менің балам осы «Болашақ сарайына» робототехника үйірмесіне қатысады. Қызығушылығын ашып, жақсы маман иесі болсын деп деген ниетпен бердім. «Болашақ сарайын» ашқанына өте қуаныштымыз, балалар тектен-тек үйде жатпайды.
«ҚазМұнайГаз» - әлеуметтік жауапты компания ретінде өңірлерде әлеуметтік жобалар мен бастамаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Мәселен, былтыр Мемлекет басшысының зерделі әрі зияткер ұрпақ тәрбиелеу жөніндегі тапсырмасы аясында Жаңаөзенде «Daryn Joly» қайырымдылық жобасы бойынша 500-ден аса баланың қатысуымен олимпиада өтіп, үздіктері мен ұстаздары марапатталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы