Жатақхана тапшылығы 5700 орынға дейін қысқарды
Алматыда жаңа оқу жылына 61 мыңнан аса студентке орын дайындалып жатыр. Соның өзінде қалада 5700 орын тапшы. Билік бұл студенттерді қонақүй мен хостелдерге орналастыруды қарастырған. Ал баспанадан қиындық көрген жастарға көмек көрсететін ахуалдық орталық жұмыс істеп тұр. Жаңа оқу жылына дайындық барысын Қуан Нұрақын тарқатады.
Қуан Нұрақын, тілші:
Алматыдағы жатақхана тапшылығы бір жыл ішінде айтарлықтай азайған. Былтыр студенттерге 23 700 орын жетіспесе, қазір бұл көрсеткіш 5700-ге дейін қысқарған. Бүгінде қалада студенттік 136 жатақхана жұмыс істеп тұр. Онда 46 мыңнан аса жас тұрады. Бұдан бөлек, студенттерді орналастыру үшін хостелдер, қонақүйлер мен қайта жабдықталған ғимараттар да пайдаланылмақ.
Азиз Кажденбек, қалалық Жастар саясаты басқармасының басшысы:
5700 адам далада қалмайды. Ол 5700 адам қонақ үй мен хостелдердің келісімшарты бойынша өз талабымен таңдап орналасады. 2030 жылға дейін 20 мың төсек-орын жатақхана салу жоспарлануда. Сол кезге дейін біздің тапшылық толық жабылады деген сенімдеміз.
Жыл соңына дейін қалада тағы 13 нысан іске қосылып, тәлімгерлерге 4600-ден аса орын беріледі. Алматыда қазір 35 жоғары оқу орнында 221 мың студент білім алады. Оның 149 мыңы - басқа өңірлерден келген жастар.
Сондықтан оқу жылы қарсаңында баспанаға деген сұраныс жоғары. Жатақханаға орналаса алмаған студенттер үшін қалалық ахуалдық орталық та жұмыс істеп тұр. Мұнда жастардың өтініші қабылданып, оқу орындарымен бірлесіп мәселені шешу жолдары қарастырылады.
Айболат Сенбиев, Ахуалдық орталықтың ұйымдастырушысы:
Жедел шешім қабылдап, жедел көмектесеміз. Яғни мәселелерін шешуге біз көмек береміз. Қазіргі уақытқа дейін 10 тамыздан бері бір апта бойғы көрсеткіш бойынша мың жарымнан астам өтінімдер келіп түсті. Ахуалдық орталыққа хабарласу арқылы біз жоғары оқу орындарының басшылығымен, проректорларымен тығыз жұмыстамын.
Қуан Нұрақын, тілші:
Ал 22 тамыздан бастап баспанасыз қалған студенттерге уақытша қолдау көрсету үшін 50 орындық дағдарыс орталығы жұмысын бастайды. Яғни қалада жатақхана тапшылығы бір жылда төрт есе азайғанымен, студент санының көптігі баспана мәселесін әлі де күн тәртібінде ұстап отыр. Ендігі міндет - дайындалған орындардың студенттерге нақты қолжетімді болуын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы